Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шетелдік ірі ғалымдар мен археологтармен бірге «Farab» кітапханасын аралады. Көпфункционалды білім кешені болып жасақталған елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналуда. Орталық шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Жаңа кітапхананы тамашалауға ҚР Дүниежүзілік мұра ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Воякин, ҚР ҰҒА академигі Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев, академик, Буниятова Шығыстану институты директорының орынбасары Мұстафаев Шайм, антропология департаментінің профессоры, Louis Вашингтон университеті Майкл Фрачетти, археолог, ғылым докторы, археология институтының директоры, Татарстан Республикасы Халикова Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Айрат Сидиков, археолог, тарих ғылымдарының докторы, Германия археологиялық институтының корреспондент мүшесі Виктор Зайберт келді.
Робототехника бойынша 2019 жылы өткен әлем чемпионатында 3-ші орынға ие болған команда «Farab» кітапханасында еңбек етуге кірісті. Fab-labөндіріс зертханасында жарық көрген жаңа дүниелерді таныстырған жастар заманауи ошақтың қыр-сырымен бөлісті. Айтуларынша, бес машинаның қарапайым жиынтығын қолдана отырып, кез-келген адам ойындағы дүниенені, сәндік заттардан компьютерге дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар. Яғни, мұнда келген кез-келген адам, кез-келген дүниені өз қолымен жасап шығара алады.
Кітапханада ескі құжаттар мен кітаптарды қайта қалпына келтіруге арналған Орталық Азиядағы жалғыз цех ашылған. 3D моделін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Орталықта кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған үлкен зал жабдықталған. Кітапханада ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Шетелдік ғалымдарды кітап қоры таң қалдырды. Олардың назарына көне кітаптар, қолжазбалар мен құжаттардың мұрағаты ұсынылады.
Түркістан шаһарына арнайы келген шетелдік ірі ғалымдар мен археологтар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстелге қатысты. Онда тарих ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институттың бас директоры Бауыржан Байтанаев тарихқа өзгеріс әкелетін тың жаңалығымен бөлісті. Түркістанның жасын есептеген кезде кеңес дәуірінің деректері қолданылғанын және бұл ақпараттың қазір маңызы жоқ екенін мәлімдеді.
«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлемелер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», - деді ол.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі