Күлтөбеден табылған ескі кітаптар қалпына келтірілді, енді оны ғалымдар оқуға кіріссе болады

27.05.2021 09:06 3515

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ежелгі Күлтөбе қалажұртындағы қазба жұмыстары барысында бірқатар көне кітаптар табылған болатын. Қазіргі күні осы ескі кітаптар қалпына келтіріп, реставраторлар осы бағыттағы алғашқы маңызды жетістіктерімен де бөлісе бастаған. Айта кетерлігі, бір жарым жыл ішінде «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының мамандары жылдар бойы жер астында жатқан үш кітаптың бірінің 200-ге жуық бетін оқуға болатын еткен.

Еске сала кетейік, «Күлтөбе қала жұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» ғылыми жобасымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының мамандары айналысты. Жоба аясында олар археологиялық ескерткішті қалпына келтірумен шұғылданды. Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба «Күлтөбе қалажұрты» археологиялық паркінің тұжырымдамасын әзірлеуге бағытталған.

Екі далалық жұмыстар кезеңінде археологтар ежелгі Түркістанның құпияларын ашуға мүмкіндік беретін көптеген баға жетпес жәдігерлер тапты. Соның бірі 2019 жылдың жазында табылған үш ескі кітап еді. Біріншісін археологтар XVIII–XIX ғасырлардағы тұрғын үй қирандылары арасындағы пештен тапқан. Сол күні-ақ археологтар әйгілі қазақстандық суретші-реставратор «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбековпен байланысқа шықты. Қырым Алтынбеков басқарған ғылыми орталық 20 жыл ішінде археологиялық олжаларды және басқа да мәдени ескерткіштерді қалпына келтірумен, консервациялаумен және толықтай қайта қалпына келтірумен айналысады. Ол сондай-ақ, консервациялау мен қалпына келтірудің бірнеше әдістерін патенттеген.

Жиырма жыл ішінде Қырым Алтынбековтің зертханасында бірнеше мың археологиялық мұралар қалпына келтіріліп, қайта жанданды. Көптеген ежелгі көшпенділер киімі мен атрибуттарын да осы зертхана жаңғыртқан. Ең танымал туындыларының ішінде Алтын адам, Берел аттары, Сарматтар көсемі және сарматтардың пір әйелі, Үржар сәуегей әйелі, қимақ жылқысы және басқалары бар.

«Бұл араб тіліндегі Құранға түсіндірме кітабы төңкерістен кейін молдаларды қудалау басталған тұста пешке жасырылып, аман қалған. Кейінірек кітап жасырылған үй қирап, ал ондағы кітап жылдар бойы жердің астында көміліп қалған. Табылған зат туралы маған айтқан кезде, бірден суреттерін сұраттым, сосын сыртқы ортаның әсерінен зақымданбауы үшін кітапты қайтадан тура сол топыраққа көміп тастаңдар, дедім. Себебі, кез-келген жәдігер, мейлі ол қағаз, ағаш, металл немесе мата болсын, жер астында қалған кезде сол жерге, яғни, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы сонда қалыптасқан температура мен ылғалдылық режиміне бейімделеді. Ылғал жәдігерлергерге пішінін сақтауға көмектеседі. Ал ашық ауаға шығарғанда ол буланатын болса, 15-20 минут ішінде-ақ бүлінуі мүмкін. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстары басталғанға дейін кітапты сол ортада қайта сақтау өте маңызды еді», - дейді Қырым Алтынбеков.

Айта кетерлігі, кітап-жәдігерлер археологияда өте сирек кездеседі. Сондықтан, өзінің қалған жұмысын кейінге шегере сала, Қырым Алтынбеков мамандар тобымен жедел түрде Түркістанға жеткен. Рестовраторлар кітапты топырақ астынан аршып, ерекше жағдайда көлікпен Алматыдағы зертханаға жеткізді.

«Біздің зертхана бұған дейін жәдігерлерді блоктарымен орнынан алу технологиясын жасаған. Жәдігер жер астындағы топырақ қабатымен бірге алынып, тегіс бетке қойылады. Әрі қарай, сол микроклиматты сақтау үшін табылған зат әр жағынан топырақпен қоршалады және ылғалды сақтау үшін пленкамен оралады. Оны зақымданудан қорғау үшін блок жұмсақ амортизаторлық материалмен жабылады»,- деп түсіндіреді Алтынбеков.

Зертханаға жеткен соң сарапшылар ең алдымен табылған затты балшықтан тазартып, кітаптың рентген суретін жасап, қажетті анализдерін алды. Сараптама табылған заттың қандай қағаздан жасалғанын түсіну үшін қажет еді. Әрі қарай арнайы қалпына келтірушілер кеңесі құрылып, олар қалпына келтіру әдістерін талқылаған. Консультативті қолдау үшін Ұлттық кітапханадан реставратор-мамандар шақырылды. Алайда олардың өзі бұрын-соңды ғасырлар бойы жер астында жатқан кітаптармен ешқашан айналыспаған екен.

«Кітап қағазының сапасы өте төмен екен. Оны рентген суретінен байқадық. Сондықтан да, жылдар бойы топырақта жатқан кітаптың біршама бөлігі бүлінген. Парақтары нығыздалып, тұтас монолитке айналған. Оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес болып шықты. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін кітапты экспозияға тапсыруға болатындай етіп, қазіргі күйін сақтау туралы шешім қабылданды», - дейді «Қырым аралы» басшысы.

Реставраторлар алғашқы кітапты қалпына келтірумен айналысып жатқанда, археологтар тағы екі кітаптың табылғандығы туралы хабарлады. Оны ести сала Қырым Алтынбеков қайтадан жолға шықты. Жаңа жәдігерлер табылған орын бірінші кітап табылған жерден онша алыс емес екен. Бұл кітаптар 30 сантиметр тереңдікте көмілген ағаш қораптан табылған, осының өзі кітаптардың жүз жыл бойы бүлінбеуіне септігін тигізген секілді. Дегенмен, сақталу жағдайы да онша емес. Кітаптар агрессивті ортаға және микроорганизмдердің ыдырауына ұшыраған, сосын тышқандардың кітаптарды кеміргені де анықталған.

Үш кітаптың мұқабасы да мүлдем сақталмапты. Сондықтан да, бұл жәдігерлерді бүлінуден сақтау үшін реставраторлар үлкен жұмыс жүргізуге мәжбүр болды. Тазарту, арнайы қосындылар сіңдіріп, нығайту сияқты ұзақ процестен кейін зертхана мамандары ағаш қорапта табылған екі кітаптың біреуінің парақтарын бір-бірінен ажыратып көрді. Осы кітап беттері ең жақсы сақталғандықтан оларды бір-бірінен ажырату оңайырақ көрінген. Реставраторлар парақтарды ажыратып, әрбір бетін нығайтатын, антисептикалық қоспамен өңдеді. Аса мұқият жұмыстардан соң ғана ежелгі кітапта жазылған мәтін ғана емес, сонымен қатар 100 жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қалдырған таңбалары да айқындала бастады.

«Біздің басты міндетіміз - кітаптың физикалық жағдайын, оны қолға алып, парақтап шығу мүмкіндігін қалпына келтіру. Табылған заттардың күйі аянышты болғандықтан басында біз парақтарды бөле алатынымызға онша сенбеген едік. Бақытымызға орай, біз үшін бәрі сәтті өтті, қазірдің өзінде 200-ге жуық парақ қалпына келтірілді, олар болашақта зерттеу жұмыстары үшін ғалымдарға беріледі. Қазір біз үш кітаптың да XIX ғасырға тиесілі екенін білеміз. Олар арабтың өрме жазуымен жазылған және Ташкентте немесе Қазанда басылып шыққан. Құранға мұндай түсініктемелер, әдетте, діни қызметкерлер даярланған медреселер үшін басылып шығарылған. Мен араб тілінде оқи алмаймын, сондықтан ол жерде нақты не жазылғанын білмеймін. Менің міндетім - кітаптарды ғалымдар зерттей алатындай етіп қалпына келтіру. Бұл аса маңызды жәдігер. Өйткені, әрбір жәдігер өткен заманнан ақпарат тасымалдаушы болып табылады», - дейді Қырым Алтынбеков.

Бір жарым жыл ішінде қалпына келтіру жұмыстары өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Әзірше «Қырым аралы» зертханасындағы толық қалпына келтіру жұмыстары қашан бітетіні белгісіз. Айта кетерлігі, ағаштан, түрлі металдардан, сүйектен, жүннен және тоқымадан жасалған ежелгі олжаларды қалпына келтіріп жүрген зертхана мамандары бұл жолы тәжірибе жүзінде қағаз жәдігерлермен алғаш рет жұмыс істеген екен.

«Біз органикалық жәдігерлермен жұмыс істеудің жалпы принципін білеміз. Ал көне кітаптарға қатысты бұған дейін еш тәжірибеміз болмаса да, біз Күлтөбеде табылған жазба ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтірудің ең жақсы әдістерін біртіндеп таптық деп ойлаймын. Әртүрлі химиялық ерітінділерді қолдандық және олардың ескі қағаздарға қалай әсер еткенін бақыладық. Жалпы кітаптардың зертханадан тыс жерде қанша уақыт сақталатынын білу де біз үшін өте маңызды еді. Зертханамыздағы барлық жәдігерлер біз үшін науқас-пациент сияқты. Әрқайсысының «ауру» тарихын жазамыз: диагнозын қоямыз, «емдеу» процедураларын тағайындаймыз, сақтау және пайдалану шарттарын жасаймыз», - дейді зертхана басшысы.

Табылған кітаптарға келетін болса, Құранның мағынасына түсіндірме жазу ислам тарихындағы маңызды міндеттің бірі. Уақыт өте келе ол араб-ислам мәдениетінің маңызды жанрларының бірі - тәпсірге айналды. «Тәпсір» термині араб тілінен аударғанда «түсіндіру, түсінік беру, түсіндіріп беру» дегенді білдіреді. Тәпсірлердің мақсаты – Құран аяттарының мағынасын қарапайым және түсінікті тілмен түсіндіру.

Дәстүрлі тәпсірлер Орталық Азия мен Қазақстан мұсылмандары арасында өте танымал болды. Шығыстың көрнекті ойшылдары Мұхаммед Әбду, Рәшид Рида, Сайид Құтб, Әбдірахмен әс-Саади және басқаларының тәпсірлері кең тарады. Бұл жанрға литографиялық әдіспен жасалған және палеографиялық ерекшеліктері бойынша XIX ғасырдың екінші жартысындағы Египет және түрік басылымдарына ұқсас Күлтөбеде табылған кітаптар да кіреді. Кітаптардың көп жері бүлінуіне байланысты авторын анықтау мүмкін болмады.

«Кейбіреулер кітапханадан үлгілерін табуға болатын соншалықты көне емес, XIX ғасырдағы кітаптарды қалпына келтіруге күш жұмсаудың қажеті қанша деп те сұрайды. Шындығында, мұндай кітаптар кітапханалардан табылуы да мүмкін. Бірақ олар кітапханаға жеке жинақтардан немесе жылдар бойы бір отбасында сақталып келген жеке тұлғалардан алынған. Ал археологиялық қазба кезінде табылған кітаптар өте аз. Тіпті мұндай оқиға жәдігердің өзі үшін де, ол табылған өңір үшін де мүлдем басқаша тарих пен мүлдем басқаша құндылық ұсынуы мүмкін. Сондықтан да, бұл біздің зертхана үшін керемет әрі өте құнды тәжірибе болды», - дейді Қырым Алтынбеков.