Көне Түркістанның орнынан Шығыс базары табылды

31.05.2021 17:49 3232

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көне Түркістандағы қазба жұмыстары кезінде ғалымдар бірегей Шығыс базарын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының баспасөз қызметі мәлім етті. Ғалымдар ежелгі базардың көне қалада бірнеше ғасыр бойы жұмыс істеп тұрғанын айтады.

«XVII-XIX ғасырлардағы Түркістан тарихымен байланысты жазба және картографиялық дереккөздерде бірнеше ғасыр бойы қаланың әлеуметтік, саяси, қаржы-экономикалық және тіпті мәдени өмірінің орталығы болған үлкен Түркістан базары туралы айтылады. Жақында біздің ғалымдар осы атақты Түркістан базарын тапты. Археологиялық материалдың бірегейлігі - Қазақстанда алғаш рет ортағасырлық Шығыс базары үлкен ауқымда, жақсы сақталған күйде, табылып отыр», - дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры, философия докторы Андрей Хазбулатов.

Оның айтуынша, бұл археологиялық олжаның біздің елімізде баламасы жоқ. Сондықтан оны ғалымдар Ташкент пен Бұхарадағы базарлармен салыстырып зерттемекші.

«Бір қызығы, базарға жақын жерде қыш құйып, темір соғатын әртүрлі шеберханалар табылды. Сол шеберханаларда жасалаған бұйымдар іргедеге базарда сатылған болуы да мүмкін. Базар кешені Орта Азиядағы, Иран мен Таяу Шығыстағы ортағасырлық сәулет өнерін бойына бірге тоғыстырған» - деді ғалым.

Археологиялық нысан Шығыс, Орталық және Батыс қанаттардан тұрады. Археологтар әзірге ондағы оннан астам үй-жайды аршып, зерттеуге кірісіп кеткен.

«Үй-жайлардың құрылысы да ерекше. Бірі ірі тастардан қаланса, енді бірінің құрылысына күйдірілген кірпіштен жасалған айван бастырмасы қолданылған. Оңтүстік жағында кең алаң болғанға ұқсайды. Базардың Шығыс қанатына жеті бөлме кіреді. Базардың орталық бөлігінде оннан астам дүкен болған» - дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғылыми қызметкері, археологиялық экспедиция жетекшісі Айсұлу Ержігітова.

Археологтар, сонымен қатар, 1,5 мың шаршы метр аумақты қамтып жатқан инфрақұрылымды ашып отыр. Мұнша аумақты аршып шығу үшін әлі біраз уақыт керек.

Базардың бір бөлігінен ошақтар мен сандалдар, санитарлық құрылыстар орын тепкен. Оның бәрі тікбұрышты және шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен жасалған.

Институттың баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша шығыс базарының барлық үй-жайлары бастапқыда шикі кірпіштен салынғанын, бірақ XIX ғасырда күйдірілген кірпіштен қайта салынған көрінеді.

«Базар аумағынан табылған керамика фрагменттеріне, тұрмыстық заттар мен түрлі кезеңге жататын нумизматикалық жәдігерлерге қарағанда, XVIII-XIX ғасырларда базарда қайнаған тіршілік жалғасқан. Ал алғаш жұмыс істей бастаған кезеңі тым тереңде жатыр» - деп жазады институттың баспасөз қызметі.

Бұл базар «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» ғылыми жобасы аясында ауқымды археологиялық экспедиция кезінде табылғанын атап өту керек. Оның маңызды бағыттарының бірі – 30 гектардан астам алқапта ежелгі Түркістанның аумағын зерттеу.