Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев - қазақтың әйгілі күйші-сазгері, дирижер, дәулескер домбырашы. Туып-өскен жері - Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері - Жамбыл кесенесінің іргесі. Мәскеудің П. И. Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін (профессор Н. П. Аносовтың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген "Отырар сазы" халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай-ақ, 1968 жылы "Қазақфильм" киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық артісі. Қазақстан Республикасы Президент жарлығымен Н. Тілендиевке 1998 жылы "Халық Қаһарманы" атағы берілді.
Нұрғиса Тілендиев - қазақтың музыкалық мәдениетіне сазгер, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет т. б. Сүйікті шығармаларынан "Достық жолымен" (1958), "Менің Қазақстаным" кантатасын (1959), Қ. Қожамьяровпен бірлесіп жазған "Алтын таулар" операсын (1961), "Ата толғауы" және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), "Халық қуанышы" (1963), "Қайрат" (1964), "Жеңіс солдаты" (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның "Аққу", "Аңсау", "Арман", "Ата толғауы", "Әлқисса", "Қорқыт туралы аңыз", "Көш керуені", "Махамбет", "Фараби сазы" сияқты күйлері мен "Сарыжайлау", "Алатау", "Ақжайық", "Ақ құсым", "Өз елім" сияқты ондаған әндері халықтық бояу-нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М. Әуезовтың, Ш. Аймановтың, Т. Ахтановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ "Қыз Жібек", "Қилы кезең", "Менің атым Қожа", "Қарлығаштың құйрығы неге айыр", "Ақсақ құлан" фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.
Нұрғиса Тілендиев - қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман-аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра, суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.
Нұрғисаның сазгер, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер сал-серілер өнері адамның жан-жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста-төк болып, шалқып-шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.
по материалам www.mk.gov.kz