"Баршаңызды алдағы Астана күнімен құттықтаймын! Біздің бас қаламыздың құрылғанына 16 жыл толды. Ол кәмелеттік жасқа әлі жеткен жоқ. Соған қарамастан, қазірдің өзінде бүкіл әлемге танылып үлгерді. Оны жақсы білесіздер. Жыл сайын қала күніне орай сан алуан сыйлықтар жасалады. Ұлттық тарих мұражайы сол сыйлықтардың бірі болса керек. Бұл - сәулет өнерінің шедеврі. Оның керемет формасы мен өзгешелігі қала ландшафтын керемет толықтырып отыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев мұражайдың ашылу салтанатында.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл - Орталық Азия аумғында теңдесі жоқ жаңа жоба. 74 мың шаршы метр ауданда Қазақстанның археологиялық, этнографиялық және тағы басқа тарихи-мәдени ескерткіштері жинақталған. Мұражай бірнеше залдан тұрады. Астана, Тәуелсіз Қазақстан, ежелгі және орта ғасырлық тарих, этнография мен қазіргі өнер залдарында көне тарихтан бастап осы күнге дейінгі тарихпен танысуға болады. Ол үшін заманауи техниканың түр-түрі - медиа-экрандар, голограммалар, LED-құрылғылар, сенсорлық жабдықтар мен мультимедиялық гид орнатылған.
Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің шеберлік-сыныптары, сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі, суретшілердің аспан астында сурет салуы, ұлттық киім үлгісімен суретке түсу, балаларға арналған интерактивті ойын бағдарламасы, ұлттық нақыштағы сәнді киім үлгілерінің көрсетілімі, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм тату, домбырашылар кеші, балаларға арналған аттракциондар, балаларға арналған интерактивті алаң, викторина өткізіледі.
по материалам www.mk.gov.kz