Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханада «Биік қала, бекзат қала, бақ қала» атты кітап-иллюстрациялық көрме ашылды

03.07.2014 14:00 1682

 

2 шілде күні Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханада «Биік қала, бекзат қала, бақ қала» атты кітап-иллюстрациялық көрме ашылды.

Көрнекті баннерлер, әсерлі тақталар, плакаттар, әр түрлі әдебиеттер, белгілі қоғам және саяси қайраткерлердің Астана туралы дәйексөздері, астаналық тұспалы бар түрлі-түсті жалаулар, сондай-ақ, Астана туралы әуезді әндер... Осының бәрі жұртшылық қауым, қонақтар, оқырмандар, журналистер мол жиналған мерекенің көрігін қыздырды.

Көрменің ашылуымен меймандарды ҚР ҰАК бас директоры Үмітхан Мұналбаева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, «Нұр Отан» партиясының баспасөз хатшысы орынбасары Амангелді Кеңшілікұлы, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел, Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының директоры Ибрахим Йылдырым, ақын Әнуар Омар құттықтап, сөз сөйледі.

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» шеберханасы экология бөлімінің бастығы, биология ғылымдарының кандитаты  Әсия Батырғожина Астананың жаңа нысандарымен таныстырса, ал бас қаламен жасты - Халықаралық «Мирас» мектебінің 10 сынып  оқушысы Назира Мамытбекова мен № 38 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аружан Дәрібаева өздерінің Елордамен бірге туып-өсіп, бой жетіп келе жатқаны туралы, өсіп-жетілуі, рухани қалыптасуы үшін мұнда барша мүмкіндіктері бар екенін әңгімелеп берді.  «Астана – бұл менің астанам», – деп атап айтты Назира мен Аружан.

Бағдарламаның музыкалық бөлімінде Астана туралы әдемі әнді халықаралық байқаулардың лауреаты Рүстем Жүгінісов шырқады.

Мереке күндері қарсаңында келушілердің назарына төрт бөлімнен тұратын көрме ұсынылады:  «Елорда шежіресі», «Қазақ Астанасының сәулетшісі», EXPO-2017 – «Әлем таныған әсем шаһар», «Астана – шабытымның шалқары». Мұнда 100-ден астам кітаптар мен журналдар, электрондық ресурстар қойылған. Көрме ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан астанасының қа­лып­тасуы тарихындағы рөлі және оның Елорданың гүлденуіне, экономикасы, инфроқұрылымын  дамытудағы ерен үлесін бейнелейді. Сонымен қатар, мұнда Астананың халықаралық аренадағы рөлі, «ЕХРО-2017» туралы кітаптар қойылған. Арнайы тақта Елорданы жырға қосқан белгілі ақындардың өлең-жырларымен және Астанамен құрдас - 16 жасар астаналық оқушылар - олимпиада, байқаулардың жүлдегерлерінің жұмыстарымен таныстырады.

Көрменің ашылуына Ақмола облысының Ішкі істер департаментінің тыңдаушылары, мемлекеттік күзет әскери қызметкерлері, Астана қаласындағы  «SOS Балалар Үйінің» балалары қатысты. Сонымен бірге, бұл күні көрмені «Туған елге тағзым» атты экспедиция аясында Елордамызға келген Атырау және Қызылорда  қалаларының «Назарбаев Интеллектуальды мектебінің» 50 оқушысы тамашалады.

   

по материалам www.mk.gov.kz