Құрметті достар!

06.07.2014 16:00 1460

Құрметті достар!

Сіздерді сүйікті Отанымыздың жүрегі, халқымыздың мақтанышы - елордамыз Астана қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Астананың 16 жылдығын бүгін республика жұртшылығы айрықша атап өтуде.

1994 жылы 6 шілдеде Жоғары Кеңес отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген тарихи шешім қабылданып, жария етілді.

Биыл осы тарихи шешімнің қабылданғанына 20 жыл толып отыр.

Елбасы айтқандай, «Астана – жаңа Қазақстанның бейнесі, жаңарудың нышаны».

16 жыл ішінде Есіл бойында жаңа, ғажайып қала пайда болды. Қала жыл санап емес, күн сайын жасарып келеді. Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айнала бастады.

Осында еліміздегі ең үздік оқу орындары мен денсаулық сақтау объектілері, спорт кешендері орналасты.

Астана – Қазақстанның рухани-мәдени орталығы атанды. Мұнда «Қазақстан», «Астана Опера» сияқты бірегей концерт залдары салынды, осыдан бірер күн бұрын ғана Ел басымыз жаңа Казақстанның ұлттық тарих музейін ашты.

Астана еліміздің барлық өңіріне даму үлгісін көрсетті.

Бүгінгі таңда Астанамыз – әртүрлі әлемдік мәдениет пен дін өкілдері кездесетін диалог алаңы. Астана «Экспо – 2017» әлемдік деңгейдегі көрме өткізетін қала ретінде таңдалды.

Астана – Елбасының ерлігі, сарабдал да салиқалы саясатының жемісі. 

1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

Астананы әлем мойындап отыр.

Астанамыз асқақтай берсін!

По материалам www.mk.gov.kz