АҚШ-та Қазақстанның мәдениет күндері аясында концерт берілді Қазақстан – қайталанбас мәдениеті бар, керемет фольклоры қалыптасқан талантты адамдарға толы ел.
«Дала әуені» атты концертке келген америкалық көрермендер осындай ойларымен бөлісті. Концерттік бағдарлама Нью-Йорк пен Вашингтонның ең танымал залдарында берілді. Бұл шараның бәрі АҚШ-тағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында өтті.
Құрманғазы атындағы оркестр Нью-Йорк қаласына бір емес, бірнеше қызықты шығарманы алып келіпті. Байқауымызша, ұйымдастырушылар халық әуендеріне көп мән берген. Мақсат – Америка халқына қазақтың төл фольклорын таныту. Залда таңқалмаған көрермен болмады.
Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы: - Мен өз басым бұл концерттен керемет әсер алдым. Шынымен де ғажап болды. Мен қазақ елінде бір емес, бірнеше рет болған адаммын. Сондықтан да сіздің халықты, сіздің мәдениетті жаныммен сүйемін деп нық сеніммен айта аламын. Нұрсұлтан Назарбаевтың қол астындағы ел экономика мен саясатта да, мәдениетте де жақсы белестерді бағындырып келеді. Мына концерт сол сөзімнің айғағы болса керек.
Делегациямызды таныстырған ұйымдастырушылар еліміздің жарқын имиджі сырт елдерде осындай мәдени байланыстардың, концерттік бағдарламалардың көмегімен танылады деді. Рас Америка халқы Майра Мұхамедқызы мен Нұржамал Үсенбаеваны, Еділ Құсаинов секілді жұлдыздарды жақсы біледі екен. Ал бұл концерт оларға жаңа таланттардың есімін танытты.
Асқар Бөрібаев, ҚР Мәдениет министрінің орынбасары: - Көріп отырмыз, мұнда БҰҰ-ның өкілдері келген. Тіпті АҚШ-та аккредиттелген барлық-дерлік елшілер де осында отыр. Менің ойымша, олар үшін бүгінгі шара өте қызықты өтті. Енді олар алған әсерлерін, Қазақстан мәдениетінің деңгейін өз орталарында айтып жүретін болады.
Ал Вашингтонда біздің әртістеріміз Кеннеди орталығында өнер көрсетті. Бұл залда негізінен, әлемдік деңгейдегі музыканттар ойнайды екен. Көрермендер қазақ өнеріне тік тұрып, қошемет көрсетті.
Рави Патра, ұлтаралық заң компаниясының басшысы: - Қазақстанға бізге сыйлаған осы мереке үшін алғыс айтамын. Концерт өте керемет болды. Тәнті болдым. Біз мында ғажап әуенге елтіп, қазақ елінің талантты орындаушыларына таңдай қақтық.
Сөйтіп, қазақ музыканттарының Америка жерінде өткен үлкен туры Вашингтонда шымылдығын жапты. Бірақ бұнымен АҚШ-тағы Қазақстанның мәдениет күндері аяқталды деуге болмайды. Алдағы күз айларында мұндағы көрермен «Астана балет» пен «Астана Операның» концерттік бағдарламасын тосады.
Авторлары: Нұрболат Туысбайұлы, Ерлан Игісінов,
Майра Қабиева, Ерсін Мұхабеталин,
Майк Джоан
По материалам www.mk.gov.kz