130 мемлекеттердің қатысуымен ЮНЕСКО Бірінші жалпы кеңесін Қазақстанда өткізеді

17.07.2014 14:16 1682

17 шілде, Астана. Бүгін, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенованың 2014 жылғы 22-24 шілдеде Астана қаласында өткізілетін ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың Бірінші жалпы кеңесін өткізу туралы брифинг өтті.

Брифинг барысында, ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларының кездесуі мұндай жаһандық форматта алғаш рет ұйымдастырылып отыр деп айтылды. Ауқымды іс-шараның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Мәдениет, Сыртқы істер министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі болып табылады.

Кеңес жұмысына ЮНЕСКО-ға мүше 130-дан астам мемлекеттердің Ұлттық комиссияларының өкілдері (Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхит, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы және Кариб бассейны) мен АЛЕКСО, ОАЗХИ, ТҮРКСОЙ сияқты серіктес халықаралық ұйымдардың бақылаушылары қатысады.

ҚР Мәдениет министрі және ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясның төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлы «Біздің Астанамызда өткізіліп отырған мұндай ауқымды іс-шара – Қазақстан үшін үлкен мәртебе»,- деп айтты.

ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова «аталған шара Ұлттық комиссиялардың өзара әріптестігін, сондай-ақ,   олардың ЮНЕСКО Хатшылығымен байланыстарын нығайту жолдарын айқындау және ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерді кеңінен талқылау мақсатында өткізіліп отыр»,- деп жиын барысында өз сөзінде атап өтті.

ЮНЕСКО Хатшылығы делегациясын Бас директордың сыртқы байланыстар және қоғамдық ақпарат жөніндегі орынбасары Э.Фальт басқарады.

Сондай-ақ, іс-шараға ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясының мүшелері, Ұлттық комиссия жанындағы комитеттердің, кафедраларының, клубтары мен ЮНЕСКО қауымдастығы мектептерінің басшылары, еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуы жоспарланған.

«Кеңес аясында Қырғызстан және Қытай мемлекеттерімен бірлесе әзірленген  «Ұлы Жібек жолы: Тянь-Шань дәлізі» атты сериялық трансшекаралық номинациясының шеңберінде ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген сегіз қазақстандық нысандарының (Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе (Степнинское), Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек) және ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енген «Қатон-Қарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағының сертификаттарын табыстау көзделіп отыр»,- деді Әсел Өтегенова.

по материалам www.mk.gov.kz