24 шілде, 2014. Астана. Бүгін ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың Алғашқы өңіраралық кеңесінің ақтық отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Г.Н.Әбдіқалықова қатысты. Отырыстың күн тәртібі 2022 жылға дейінгі Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға арналған.
Вице-премьер отырысты ашар сөзінде қазіргі халықаралық қоғамдастық БҰҰ ықпалды институттарын қажет ететіндігін айтып өтті. Әлем мәдениеттер арасындағы сұхбат пен халықаралық саясаттың барлық жақтарын қанағаттандыратын бәтуаластыққа жеткізуші күшті керек етіп отыр. Бұндай бәтуаластықтың маңыздылығын Қазақстан әлдеқашан түсінген еді.
«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық қоғам ішінде ғана емес, сондай-ақ шетелдік әріптестермен де үйлесімді қарым-қатынастар орнатуға бет алды. Біздің сыртқы саясатымыз ел ішіндегі саясаттың қисынды жалғасы болып табылады. Қазақстан Президенті мен Үкіметі бейбіт өмір, ұлтаралық және дінаралық келісім, экономикалық әріптестік пен мәдени жақындай түсуді үнемі қолдап отырады» - деді өз сөзінде Г.Әбдіқалықова ханым.
Мәдени-гуманитарлық саладағы өз ниеттерін жүзеге асыру жолындағы маңызды әріптес ретінде ЮНЕСКО-ны қарастыра отырып, вице-премьер ханым ЮНЕСКО Бас хатшылығы мен мүше-мемлекеттердің барлығына 2013-2022 жылдар аралығында Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығын өткізу жөніндегі Елбасымыздың бастамасын қолдағандары үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары өтіп жатқан форумның ұйымдастырылуы ЮНЕСКО-ның халықаралық аренадағы нәтижелілігі мен маңыздылығының артуына септігін тигізеді деген сенімін білдірген болатын.
2012 жылы бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан қолдау тауып, өткен жылдың тамызында Астанада оның ресми ұлықтау рәсімі өткізілгендігін еске саламыз.
ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі
по материалам www.mk.gov.kz