Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Оралда Қазақстанның мәдени саясатының тұжырымдамасы талқыланды. Оның әзірленіп, көпшілік талқысына ұсынылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Әйтсе де еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдениет саласының қызметкерлері бұл тұжырымдаманы жылы қабылдап жатыр. Өйткені қазақтың төл әдебиеті мен мәдениеті еліміздің генетикалық коды іспетті.
Қазақстанның өз алдына отау тігіп, тәуелсіз мемлекет атанғанына, міне, 23 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде ең алдымен экономикалық өрлеуге басымдық берілгені, мәдениет саласының кенже қалып, тіпті қағажу көргендігі де жасырын емес. Осындай құжаттың әзірленуі – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған еркіндіктің көк байрағын көгінде желбіреткен Қазақ елінде ықылым замандардан келе жатқан аса бай ұлттық мұрамыз бен рухани құндылықтарға үлкен мән беріле бастағандығын көрсетсе керек. «Үш кезең бойынша жүзеге асырылатын мәдени саясат тұжырымдамасы мәдениет саласының тамырына қан жүгіртіп, тың серпін береріне сенімдіміз»,-дейді Ақ Жайық өңірінің азаматтары.
Әбіл Жоламанов, БҚО тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
-Мәдениет саласындағы жұртшылықтың көңілдеріне қуаныш ұялатты. Заңдық, ұйымдық тұрғыдан алып қарағанда өте әлсіз мәдениетке қатысты заңнамаларымыз. Көптеген заңдарды алып келеді деп күтеміз. Музей саласында да жаңадан заңдар қабылданады деп білеміз. Өйткені, әлі күнге дейін Қазақстанның музейлері кеңестік дәуірден қалған заңнамалармен жұмыс істеуде.
Асхат Маемиров, «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ вице-президенті:
-Осы тұжырымдама негізінде біз күтіп отырған ең басты жағдай Президент жанынан әдебиет және мәдениет жөніндегі ұлттық кеңес құрып, бүкіл мынау мәдениеттегі мәселелерді, болашаққа жоспарланған дүниелерді жоғары деңгейде шешіп, ортаға салып, ақылдасып отыру басты қағидат болып отыр қазір. Сосын мынау қаржыландыру жүйесін де ретке келтіру керек.