Мәдени саясат туралы тұжырымдаманың жобасы қоғам талқысына берілді
14.07.2014 13:002259
Қоғамда «Қазақстан Республикасының мәдени саясат тұжырымдамасының» жобасы қызу талқыланып жатыр. «Қазақстан-2050» стратегиясына негізделген құжат саладағы негізгі мәселелерді реттеуді көздейді. Үш кезеңнен тұратын тұжырымдамаға зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының майталмандары атсалысып жатыр.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, бағдарлама 2050 жылға дейінгі үш кезеңді қамтиды. Мәдени кластердің негізін қалап, саланы бәсекеге қабілетті ету - басты бағыттың бірі. Мұражай, кітапхана, бейнелеу өнері, театр, кино, цирк, музыка, туризм секілді құндылықтардың жай-күйін күйттеген тұжырымдаманы жасау барысында Еуропа, АҚШ, басқа да елдердің тәжірибесі зерделенген.
Ендігі мақсат - қаржыландыруды Еуропа мемлекеттерінің деңгейіне жеткізіп, он есеге көтеру,-дейді министрлік өкілдері. Саладағы қазіргі хал-ахуалды да ашық көрсетілген тұңғыш бағдарлама жобасы пікірлер мен ұсыныстарды күтеді.
Дидар Амантай, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы:
- Бұл тұжырымдаманың тағы бір артықшылығы, еш боямасыз бүгінгі мәдени ситуациядағы кемшіліктерді де сынға алады. Әсіресе, бүгінгі күні мәдениетті басқарудағы менеджменттің жақсаруы, бүгінгі цифрлық технологияларды қолдану, басқа да БАҚ-қа байланысты мәселелерді көтеру тұрғысында бұл тұжырымдама құнды.