Жамбыл облысы аумағында зерттеу жұмыстары жүргізілді

12.08.2013 16:11 2112

 

2013 жылдың шілде айында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының экспедициясы Жамбыл облысында далалық ізденістер жүргізіп қайтты. Экспедиция кезінде Жамбыл облысындағы барлық аудандар, елді мекендер аумағындағы археологиялық нысандар зерттелінді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Сүлейменұлы Байғонақов бастаған топ ұйымдастырған зерттеу жұмыстарының негізгі зерттеу бағыты – ру-тайпалардың таңбалары, эпиграфиялық ескерткіштер.

Экспедиция мүшелері бұрын белгісіз болып келген ескерткіштерді табуға, есепке алынған бірегей ескерткіштерді қайта зерделеуден өткізуге талпынды. Жұмыс барысында Жамбыл облысы аумағында орналасқан, ежелгі замандардағы, ерте орта ғасырлар кезіндегі қазақ ру-тайпаларының таңбалары, эпиграфиясы бейнеленген 60-тан астам жартас суреттері бар ескерткіштер шоғыры анықталды. Сонымен қатар археологиялық-этнографиялық ізденістер барысында түрлі тарихи нысандар (үңгірлер, тұрақтар, қоныстар, қалалар, қорымдар, т.б.) анықталып, ғылыми айналымға қызықты мәліметтер енгізілді. Алынған мәліметтер көшпенділердің қоныстануы, миграциялық жолдары, халықтар мен тайпалар арасындағы этномәдени және саяси байланыстар, рухани және заттай мәдениет, сонымен қатар мәденигенез мәселелерін айқындай түсуге септігін тигізеді деп білеміз.