Мажарстанда Тұран халықтарының 3-ші Құрылтайы өткізілді

11.08.2014 12:00 1496

 

7-10 тамыз аралығында Бугац қаласында (Мажарстан) Тұран халықтарының 3-ші құрылтайы өткізілді. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі бастаған Қазақстан делегациясы қатысушы делегациялардың арасында ең үлкені деп танылды. 

Сонымен қатар, аталмыш шараға Қазақстан тарапынан ҚР Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Мажарстан Парламентімен ынтымақтастық тобының басшысы С.Ақылбай, ҚР Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Мажарстан Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшесі Е.Мукаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары У.Медеуов пен Т.Ибраев, Түркі Академиясының Президенті Д.Қыдырғали қатысты.

Құрылтай көне дәстүрлердің сақталу, ежелгі мажарлық және өзге де көшпенді дала мәдениеттерінің қайта жаңару салтанаты, ұлы ата-бабаларды еске алу тойы болып табылады.

Шара кезінде дәстүрлерді сақтаушылардың көмегімен киіз үйлерден тұратын үлкен көшпенді ауыл құрылады. Бүгінгі күні Құрылтай мажарлық дәстүрлерді сақтау мақсатында ұйымдастырылатын ең ірі іс-шаралардың бірі, ол мажарлықтарға тарихи және мәдени байланыстар арқылы туыс болып саналатын көптеген шығыс халықтарына өз құшағын қуана жаяды.

Тұран халықтарының Құрылтайы екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Оның ұйымдастырушысы – мажарлық антрополог ғалым және ғылыми зерттеуші Андраш Жолта Биро бастаған Мажарлық Тұран қоры. Биылғы Құрылтай 160 мың қатысушының (соның ішінде 10 мың адам – шетелдік қонақтар) басын қосты.

Қазақстан делегациясы Опустер Ұлттық тарихи мемориалдық паркі ішіндегі саяхатқа қатысып, Бугац қаласының маңында «Аттила» киіз үйінің ашылу салтанатын, «Шығыс құйыны» шайқасының көрсетілімін, Құрылтайдың концерттік бағдарламаларын тамашалады.

по материалам www.mk.gov.kz