Құрылтай барысында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Мажарстанның адами ресурстары министрлігінің Бас хатшысы Ритвари Бенцемен кездесуі өткізілді. Кездесу кезінде мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Екі мемлекет өкілі Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында нақты уағдаластықтарға келді.
Адами ресурстар министрлігі «Астана балет» жас ұжымын гастрольге шақырды. Гастрольдер 2015 жылдың көктемінде Будапешт қаласының ірі концерт залдарында өтеді деп жоспарланып отыр. Қазақстан мажарстандық суретшілердің көрмесін ҚР Ұлттық музейінде келесі жылы өткізуге дайындалып, қазақстандық суретшілердің дәл сондай көрмесі Будапешттің белгілі залдары мен сарайларында ұйымдастырылады деп келісілді.
Сондай-ақ, кездесудің қатысушылары кинематография, археология мен спорт салаларындағы әріптестік мәселелерін талқыға салған болатын. Екі жақтың тарихи туыстығы мен ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді қайта жаңартуға ұмтылысының арқасында мемлекеттердің арасындаға мәдени-гуманитарлық әріптестік жылдан жылға кеңейе түсуде.
1996 жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім өз күшіне енген болатын. Мажарстан Республикасына ресми іс-сапар кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мажарлық қыпшақтардың Құрметті көшбасшысы болып сайланғандығын атап өту артық болмас.
Құрылтай екі жылда бір рет ұйымдастырылып, аталмыш шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Ресей (Башқұртстан мен Татарстан), Моңғолия, Молдавия (Гагаузия) мен Болгария өкілдері кеңінен қатысатындығын еске саламыз.
по материалам www.mk.gov.kz