«Тамғалы» музей-қорығы мәдени туризмнің халықаралық орталығына айналады

15.08.2014 14:00 2014

 

15 тамыз, 2014. Алматы облысы. Бүгін ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының Алматы және Алматы облысына жұмыс сапары басталды. Ведомство басшысының жұмыс кестесіне Алматы облысы мәдениет объектілеріне сапар, Алматы қаласының шығармашылық бірлестіктері мен спорт қауымдастықтарының өкілдерімен кездесулер кіреді.

Іссапар «Тамғалы» музей-қорығына барудан басталды. Мәдениет және спорт министрі мен облыс әкімі Аңсар Мұсаханов музей-қорықтың жағдайы мен алдағы уақыттағы қызметін талқылап, «Тамғалы» бірегей петроглифтері мен болашақ визит-орталықтың салынатын аумағына барып келді. 

Кездесудің қорытындысы ретінде Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі арасында ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне кіретін «Тамғалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығын дамыту жолындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Құжатқа қол қою барысында министр мен облыс әкімі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің сақталуы мен бұл саладағы ғылыми зерттеулердің маңыздылығын айтып өтті. Қол қоюшы жақтар екіжақты ынтымақтастықты «Тамғалы» кешені, Талғар, Қойлық, Есік тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеп, бұл негізде туристтік кластерді құру секілді негізгі бағыттарда жұмылдыруға келісті.

 «Менің ойымша, «Тамғалы» секілді музей-қорықтар Қазақстандағы мәдени туризмнің халықаралық орталығына айналуы тиіс. Ашық аспан астындағы Тамғалы Тас көне ғибадатханасының мінәжат кеңістігі халықаралық фестивальдар (мысалы, The Spiritof Tengri қазіргі заман ұлттық музыка фестивалі секілді) және мәдениет пен өнер философиясы симпозиумдарды ұйымдастыру орнына айналуы мүмкін. Бұндай іс-шаралар әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын өзіне аударып, аймақ аудандарын мемлекетіміздің ең жақсы туристтік бағдарлары қатарына қосуы мүмкін,» - деді министр А.Мұхамедиұлы.

«Тамғалы» музейінің аумағында визит-орталығының салынуы туристік кластерді құру идеясының алғашқы қадамы ғана болып табылады. Ол мәдени туризм, белсенді ғылыми зерттеулер мен отандық және шетелдік ғалымдардың археологиялық зерттеулерінің заманауи талаптарына сай келетін жаңа инфрақұрылым объектілерінің алғашқысы ғана болып табылады.

«Меморандумды жүзеге асыру барысында халықаралық маңызы бар ескерткіш болып табылатын Тамғалы шатқалының нақты шекаралары анықталады. Бірегей петроглифттер мен табиғи ландшафтты сақтап қалу мақсатында дәл сондай жұмыс Ұлы Жібек жолының трансшекаралық номинациясы шеңберінде ЮНЕСКО Бүкіләлемдік тарихи мұра тізіміне кіретін Есік музейі мен өзге де объектілеріне қатысты жүргізілетін болады» - деп ескертті Аңсар Мұсаханов.

Жергілікті атқарушы органдар неғұрлым тығыз уақыт ішінде жоғарыда аталып өткен объектілердің нақты шекаралары мен күзет орындарын анықтау, территорияларды арнайы белгілермен таңбалау жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлануда.

по материалам www.mk.gov.kz