Ақтау қаласының А.Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебінің 5 шәкірті Нарни қаласында (Италия) өткен байқауда жүлделі орындардан көрінді. Аталмыш өнер сайысына әлемнің бірнеше елінен дарынды өнерпаздар жиналды.
Маңғыстаудың А.Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебінің шәкірттері шетелдік байқауларға үнемі қатысып, жүлдемен оралады екен. Бұл жолы олар Италияның Верона және Венеция қалаларындағы шараларға қатысып, «Лагуна әуені» фестивалінде өнер көрсетті. Фестиваль аясында олар классикалық музыканы насихаттап қана қоймай, белгілі өнер адамдарынан сабақ алып, білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды.
Сонымен қатар өнер мектебінің оқушылары Нарни қаласындағы жас өнерпаздардың халықаралық байқауында өз күштерін сынап көрді. Әлемдік деңгейде өткен өнер сайысында қазақ балалар талғамы биік итальяндық көрермендерді тамсандырған болатын.
Байқаудан жас өнерпаздар Нұркен Ақбергенов (виолончель) пен Ұлпан Шаншархан (скрипка) жүлделі ІІ орынмен оралса, Жания Зинабдин (скрипка) ІІІ жүлделі орынды иеленді. Сондай-ақ жас скрипкашылар Нұрай Несіпбай мен Медина Ниязбекова дипломант атанды.
по материалам: www.mk.gov.kz