Кездесу барысында министр қазақстандық велокоманда спортшыларын Тур де Франс көпкүндік веложарысындағы жарқын жеңісімен құттықтады.
«Қазақстандағы «Астана» алғашқы кәсіби велокоманданы құру идеясының ұйытқысы - Елбасымыздың атынан, барлық қазақстандықтардың атынан ең танымал Тур де Франс веложарысындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Винченсо Нибали бастаған команда үздік нәтиже ғана емес, ең алдымен көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен ұйымшылдығын көрсете білді,» - деді А.Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, министр қазақстандық велоспортшылардың жетістіктері Қазақстандағы велоспортпен әуестенушілер қатарының артуына себепші болғандығын атап өтті. Бұл ретте, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы спортшыларының қосқан үлесі де зор екендігі белгілі.
Винченсо Нибалидің бірнеше кезеңдердегі (2, 10, 13 және 18-ші кезеңдер) жеңісі Тур де Франс веложарысының тарихындағы бірегей жеңіс екендігін ескертеміз.
Әйгілі велошабандоз Александр Винокуров: «Елбасының қолдауынсыз, отандық спортқа деген қамқорлығынсыз жеңістер мен спорттық жетістіктеріміз де болмас еді» деп атап өтті.
по материалам: www.mk.gov.kz
«Астана» клубының бас менеджері ведомство басшысына команданың болашақ жоспарлары мен алдағы халықаралық жарыстарға дайындық барысы жөнінде баяндады.
«Біз спорттағы жетістіктеріміздің деңгейін жақсарту жолында жұмыс істейтін боламыз. Біздің спортшылар еліміздің көк туын ең беделді жарыстарда асқақтатуға дайын», - деді А.Винокуров.
Аталмыш кездесуге сонымен қатар «Астана» ПКСК бас директоры Владимир Смирнов, команда капитаны Винченсо Нибали, бас менеджер Қайрат Азыкеев, спорт директоры Александр Шефер, команда мүшелері Мишель Скорпиони, Дмитрий Груздев, Якоб Фульсгант, Максим Иглинский, ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшылары және т.б. қатысты.
Кездесу соңында спортшыларға ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Министрге естелік ретінде Тур де Франс веложарысының барлық қатысушылары қол қойылған көшбасшының сары жейдесі сыйланды.