Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде «Астана Опера» театрының бастауымен «Жібек жолы» халықаралық фестивалі өткізіледі. Шараны Дж. Пуччинидың әйгілі «Тоска» қойылымы ашады.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген музыкалық жауһар бүгінде әлемдік операның бестігіне кіріп, әлі де көрерменін тамаша көріністерімен толғандырып келеді. «Тоска» операсының тұсауы 1900 жылы 14 қаңтарда Римде Костанци театрында кесілген. Опералық шығарма 1800 жылдарды Наполеон әскері Италияға басып кіруі кезінде Тоска есімді опера әншісі мен оның сүйіктісі Марио Каварадоссидің арасында ғашықтық оқиғасын баяндайды.
Пуччинидің музыкасына ғашық болмау мүмкін емес. «Ла Скала» театрының түпнұсқадағы қойылымы, Лука Ронконидің сарқылмайтын режиссерлық қиялымен таңдай қақтырады. Қоюшы режиссер басты назарды адам бойындағы құштарлыққа, дәлірек айтсақ, тағдырдың жазуымен саяси жағдайға ілігіп, озбырлық, азап пен өлімнің құрбанына айналатын ғашықтар оқиғасына аударған.
«Тоска» партиясын үздік орындаушы – Анна Пироцци (Италия), атақты тенор Массимо Джордано – Каварадоссидің рөлін (Италия) сомдайды. Скарпияның партиясын итальяндық опера әншісі Альберто Газале (Италия) тарту етеді. Бас партияны орындайтын Анна Пироццидің есімі қазақстандық көрермен үшін жақсы таныс. Ол биыл мамырда өткен спектакльдің тұсаукесері кезінде астаналықтармен жүздескен. Ал әйгілі Массимо Джордано (тенор) мен Альберто Газалені (баритон) Елорда жұртшылығы алғаш рет тыңдайды.
по материалам: www.mk.gov.kz