2014 жыл 29-31 тамыз аралығында елімізде тұңғыш рет таэквондодан әлемдік «Гран-При» турнирі өтті. Астана төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде ұйымдастырылған аламанға Олимпиада ойындарының 6 чемпионы, жалпы 50 елдің 200-ге жуық спортшылары қатысты.
Қазақстан таэквондо федерациясы 2013 жылы бұл дүбірлі доданы елімізде өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. 2014 жылдың 25 наурызында қытайлық Тайпейде өткен Халықаралық таэквондо федерациясының (WTF) ассамблеясында ұйым мүшелері бұл ұсынысты қарап, «Әлемдік Гран-При сериясының» екінші кезеңін елордамыз Астана қаласында өткізу туралы шешім қабылдаған.
Жарыста қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанған спортшылар 5 000, екінші орын иеленген спортшылар 3 000, үшінші орынды еншілегендер 1 000 АҚШ долларын қалталарына басты.
Жалпыкомандалық есепте қоржындары 2 алтын медальмен толыққан Қытай құрамасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынға 1 алтын 2 күміспен АҚШ құрамасы ие болса, үздік үштікті 1 алтын 1 күміс 1 қола медаль олжалаған Иран құрамасы түйіндеді.
Қазақстан намысын 9 спортшы қорғады. Өкінішке қарай жерлестеріміздің барлығы жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
по материалам: www.mk.gov.kz/kaz