Ағымдағы жылдың 5 және 6 қыркүйегінде «Astana Ballet» хореографиялық ұжымы Қарағанды қаласы С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. 2 күн ішінде қала тұрғындарының назарына ұлттық және әлемдік хореографиялық өнердің озық туындылары ұсынылады.
Ұжымның түрлі жанрды бір арнаға тоғыстыра білген репертуары әлем халықтары билерінің бояуын қанық көрсетеді. Бұл – қазақ, үнді, қытай, жапон, сонымен қатар әлемдік классиканың жасампаз жауһарлары: Н. Римского-Корсаковтың, А. Бородиннің музыкаларына қойылған би номерлері. Сонымен қатар қазақстандық би сүйер қауымға «Қарлығаш», «Жібектің түсі», «Аққу» ерекше хореографиялық қойылымдары ұсынылады.
«Astana Ballet» ұжымының концерттік бағдарламасында Қазақстан композиторлары Л. Хамиди, Е. Брусиловский, Е. Кұсаинов, А. Алипбекұлының шығармалары да қамтылған. Қазақ әуендері К. Дженкинстің де өзгеше музыкалық әзірлеуінде кездеседі. Концерттік бағдарламаны музыкамен көркемдеген Р. Салаватов және С. Абдинурова.
2014 жылы астаналық ұжым Франция, Австрия, Ресей, Корей секілді шет елдерде өнер көрсетеді деп жоспарлануда.
по материалам: www.mk.gov.kz