9 қыркүйек, 2014. Бүгін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласында көшпенділердің бірінші бүкіләлемдік ойындарының ашылу салтанаты өтті. Бұл ұлттық спорт түрлері мен халық шеберлерінің қолөнер туындыларын біріктірген бірегей спорт жарысы. Көшпенділердің бірінші бүкіләлемдік ойындары қатысушыларына Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев құттықтау хатын жолдады.
Қазақстан Президентінің құттықтауында «Көшпенділердің бірінші бүкіләлемдік ойындары – көшпенді халықтың рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған тағы бір мүмкіндік» деп атап өтілген.
«Сіздер өз халықтарыңыздың тарихи-мәдени мұрасын сүйетін мәдениет саласының жарқын өкілісіздер. Осындай іс-шаралар түркі әлемі халықтарының басын біріктіреді, генетикалық кодтың жандануына сеп болып, тарихи сананы қалыптастырады» - делінген хабарламада.
«Көшпенділердің бірінші бүкіләлемдік ойындары мәдениетаралық диалогты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттер интеграциясы жолында жасалған тағы бір қадам әрі елдеріміздің бай мұрасын насихаттауға қосар үлес болмақ» - деп атап өтті Н.Ә. Назарбаев.
Көшпенділердің бірінші бүкіләлемдік ойындарының мақсаты – аймақтағы көршілік қарым-қатынасты, түркітілдес елдердің ауызбіршілігін нығайту, көшпенді елдер мәдениетінің ұқсастығы мен бабалар мұрасын сақтап қалу идеясын дамытуға жаңа серпін беру.
Қазақстанның ресми делегациясын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев бастап келді.
Бұрындары хабарланғандай, жарысқа Түркия, Қазақстан, Өзбекістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Гагаузия, Әзірбайжан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Қытайдың спорт делегациялары қатысады. Қазақстанның спорт делегациясының құрамына түрлі ұлттық спорт түрлерінде көрініп жүрген спортшылар кірді.
Ойындар бағдарламасына асық ату, тоғызқұмалақ, казақ күресі, кырғыз күресі, алыш, көкпар, аударыспақ, аламан бәйге, құнан бәйге, ат жарысы кірді.
Ойындардың салтанатты жабылу рәсімі Шолпан-Атада 14 қыркүйек күні 3D форматында өтеді.
по материалам: www.mk.gov.kz