Ардагерлер бірігу жолында

10.09.2014 00:00 1742

10 қыркүйек, 2014. Астана. «Астана» ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасының ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктерінің Алғашқы форумы өткізілді. Форумда қарастырылған басты мәселелердің бірі Тәжік-Ауған шекараларындағы әскери қақтығыстар ардагерлерінің Қазақстан Республикасы Президентіне хатын қабылдау болды. 

Шара Тәжікстан мен Ауғанстан шекараларында әскери борышын өтеу барысында қаза болған қазақстандық бауырлардың құрметіне бір минут үнсіздігімен ашылды. ҚР ІІМ-нің Ішкі әскерлері, Ұлттық Гвардиясы мен Ұлттық қауіпсіздік  комитетінің сарбаздары аталмыш қарулы күш құрылымдарының туларын залға салтанатты түрде алып кірді.

Форумға 1992 жылы ҚР жасақтық әскерлерінің басшысы, қазіргі уақытта зейнеттегі генерал майор Уәли Еламанов, Қазақстан Азаматтық бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов, «Ардагерлер Одағы (Тәжік-Ауған шекараларындағы жауынгерлік іс пен әскери қақтығыстарға қатысушылар)» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, подполковник Мұрат Мұхамеджанов, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері, мемлекетіміздің әр түкпірінен келген ардагерлер қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар Тәжік-Ауған шекарасында мерт болған бітімгер-сарбаздардың жанұя мүшелері қатысты.

Ардагер-жауынгерлер жиналысында Тәжік-Ауған шекараларында өткен әскери шиеленістердің қатысушыларына ерекше статус беру, жастарды әскери-патриоттық тәрбиесі, ардагерлер қозғалысын насихаттау мәселелері және Ауғанстан мен Тәжік-Ауған қақтығыстарына қатысушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын бір мемлекеттік құрылым астында біріктіру мүмкіндігі қарастырылды.  

«Бүгінгі таңда Қазақстан ардагерлер қозғалыстарының барлығын басын біріктіру өте маңызды мәселелердің бірі. Бірлік арқылы біз Ауғанстан, Таулы Қарабах және Тәжікстан мен Ауғанстан шекараларындағы қақтығыстарға қатысқан жауынгерлерге ерекше статус беру мақсатына қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ, бірлік арқылы ардагерлер қозғалысын кеңінен насихаттау жұмыстарымен айналысып, жастарда әскери-патриоттық рухты қалыптастыруда республикалық деңгейге шығамыз», - деп айтты өз сөзінде «Ардагерлер Одағы (Тәжік-Ауған шекараларындағы жауынгерлік іс пен әскери қақтығыстарға қатысушылар)» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, подполковник М. Мұхамеджанов.

Шара қорытындылары бойынша 90-жылдардың басында өткен әскери шиеленістер қатысушыларына ерекше статус беру туралы заңның қабылдануын сұрайтын ҚР Президенті Н.Назарбаев атына жолданатын хаттың мәтіні қабылданды.

Жалпы, 1992 және 2001 жылдар аралығында Тәжікстан Республикасындағы әскери қақтығыстарда 8,5 мың қазақстандық жауынгерлік борышын өтеген болатын.

по материалам: www.mk.gov.kz