Қазақстандық киноиндустрияның жыл оқиғасы

16.09.2014 00:00 1618

 

2014 жылдың 15 қыркүйегінде Алматыда «Еуразия» Х халықаралық фестивалі ашылды. Биылғы фестиваль ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері, әйгілі режиссер және КСРО Халық әртісі Шакен Аймановтың туылған күнінің 100-жылдығына арналған.

«Еуразия» Халықаралық кинофестивалі – Кинопродюсерлер ассоциацияларының халықаралық федерациясы (FIAPF) мойындаған Орталық Азияның бірден бір фестивалі және жыл сайын шығатын «International Film Guide» британдық ақпараттық жиынтықтың пікірінше әлемнің 35 жетекші кинофестивальдар тізіміне кіреді.

Биылғы кинофестивальға қатысу үшін 180-нен астам өтініш түскен болатын, алайда олардың тек 12-сі ғана байқаудың негізгі бағдарламасына ілікті. Фестивальға Қазақстан атынан режиссер Ермек Шынарбаевтың Жерар Депардьемен бірігіп түсірген «Дала дауысы» атты «Қазақфильм» АҚ-ның кинолентасы қатысады.

Әділқазылар алқасының құрамы 63-ші Венициандық ХКФ «Алтын арыстан» жүлдесінің иегері, қытайлық режиссер, сценарийші Цзя Чжанке, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, отандық кино өндірістің қас шебері Асанәлі Әшімов, Кореяның әйгілі режиссеры, 60-шы Венециандық ХКФ «Күміс арыстан» жүлдесінің иегері Ли Чан Дон, танымал неміс режиссеры Андреас Дрезден және Белоруссияның жетекші әртісі мен режиссеры Ольга Дыховичная секілді киноөнердің көрнекті қайраткерлерінен тұрады.

Кинофестиваль 20 қыркүйекте жабылып, байқау жеңімпаздарының тізімі 19-шы қыркүйекте жария етіледі. Негізгі байқаудан басқа, фестиваль аясында «Шәкен Аймановтың 100-жылдығына», «Қазақ «жаңа толқынының» 30-жылдығы», «Шығыс-Батыс кинокөпірі», «Қысқа метражды кино түні», «Бүгінгі корей киносы», «ХКФ «Шәкен жұлдыздары» ұсынады», дәстүрлі бағдарламалар «Ерекше оқиға» мен «Екпінді қазақ киносы» секілді байқаудан тыс шаралар ұйымдастырылады.

Жылдың ең жарқын кино оқиғасының ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» АҚ және Алматы қаласының әкімдігі.

по материалам: www.mk.gov.kz