ҚР мәдениет саясаты Тұжырымдамасының жобасы Үкімет отырысында мақұлданды

18.09.2014 19:13 1891

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті.

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Қазақстанның 2014-2015 жылдардағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның орны туралы мәлімдеді. 144 елден Қазақстан 4,42 орташа балмен 50 орынды иеленіп, елдер тобы арасында тиімді дамудың екінші кезеңінен инновациялық дамудың жоғарғы үшінші кезеңіне өтпелі позицияда өз орнын сақтап қалды. 

2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Министрдің мәліметінше, сатылатын нысандар саны 295-тен 304-ке дейін артты. Барлығы 42 нысан сатылған, оның ішінде республикалық меншіктегі – 1, коммуналдық – 15, холдинг – 8, ӘКК – 18. Жалпы бастапқы баға 990 млн теңге кезінде сатылым бағасы 1 млрд 339 млн теңгені құрады. Сатып алушылар 42 адам, оның ішінде жеке тұлға – 24, заңды – 15, бейрезидент – 1, жеке кәсіпкер – 2.

ҚР мәдениет саясаты Тұжырымдамасының жобасын ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Бөрібаев таныстырды.

Оның айтуынша, Тұжырымдама жобасы бәсекеге қабілетті мәдени ділді қалыптасыруға, заманауи мәдени кластерлерді дамытуға бағытталған саланы дамытудың ұзақ мерзімді болжамын көрсетеді.

«Тұжырымдаманың аса маңызды ережелерінің арасында жеті компонент: мұра, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл, отбасы, шаруашылық жүйесі және мерекелерден тұратын «ұлттың мәдени коды» түсінігі бар. Басымдықты бағыт мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті және бизнес бастамаларды жандандыру болып табылады», - деп атап өтті А.Бөрібаев.

Ұсынылған Тұжырымдама жобасы ҚР Үкіметімен мақұлданды. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ЕАЭО және ДСҰ-на ену шарттарында отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін дамыту мәселелері жөнінде айтты.

«ЕАЭО үш елінің нормативтік-құқықтық актілерін үйлестіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде ветеринария, фитосанитария, техникалық реттеу, сауда саласындағы реттеу бойынша 17 келісімге қол қойылды. Іс жүзінде барлық нормативтік-құқықтық база қалыптасып, қабылданды», - деп түйіндеді А.Мамытбеков.

Ауыл шаруашылығы басшысы Президент тапсырмасымен «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданғанын, ол мемлекеттік қолдау шараларын 2020 жылға дейін 4,5 есе, сондай-ақ жеке инвестицияларды кезең-кезеңмен арттыруды қарастыратынын еске түсіріп өтті. 

«Бағдарламада қаржылай сауықтыру шаралары, инвестициялық субсидиялаудың жаңа құралдары қарастырылған. Бұл құралдар бүгінгі таңда жазылып, субсидиялау ережелері бекітілді», - деп атап өтті А.Мамытбеков.

 

Ақпарат дерекнамасы – http://www.primeminister.kz/