2014 жылдың 17 қыркүйегінде Алматы облысының Талғар ауданында АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясын ресми ашу салтанаты өткізілді. Бұл Академия әлемде баламасы жоқ алғашқы бірегей оқу-спорттық кешені болып табылады.
Академияның ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Бокс халықаралық ассоциациясының президенті Чинг Куо, Қазақстан бокс федерациясының президенті Т.Кулибаев, халықаралық спорттық қауымдастықтың көрнекті қайраткерлері қатысты.
Шара қонақтарына арналған құттықтау сөзінде министр Қазақстанда ең көп таралған спорт түрлерінің бірі бокс екендігін атап өтті. Отандық боксшылар түрлі халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, «Астана Арланс» кәсіби клубының спортшылары бокстың бүкіләлемдік серияларында (WBS) жарқын спорттық шеберліктерін көрсетеді.
«АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясының ашылуы тек қазақстандық қана емес, халықаралық бокстың дамуына да жаңа серпін береді. Бізге осындай мүмкіндік берілгендігіне шексіз қуаныштымыз. АИБА академиясы бүкіләлемдік боксты дамыту мен таратудың ірі орталығына айналатындығына сенімдімін», - деді ведомства басшысы.
Ашылу рәсімінен кейін АИБА-ның жаңа жобасы АРВ турнирінің жеребе салуы өткізілді. Бұл турнирде спортшылар кәсіби бокс ережелері бойынша 6-12 раундтық алысқа қатысып, ал сайыс жеңімпаздары Рио де Жанейродағы Олимпиадаға жолдама алатын болады. Жаңа жобаның алғашқы маусымы 2014 жылдың 24 қазанында ашылады деп жоспарланып отыр.
Кешеннің салынуы 2011 жылы АИБА және Қазақстан бокс федерациясы арасында арнайы келісімге қол қойылғаннан кейін басталғандығын ескертеміз.
Табиғаты таң қаларлық Іле Алатауының экологиялық таза аймағында салынған кешен екі ғимараттан тұрып, халықаралық деңгейдегі жарыстар мен сапалы жаттығу процесін ұйымдастыру талаптарына толықтай сай келеді. Сонымен қатар оқу-спорттық мекеменің аумағында баскетбол, волейбол және футбол алаңдары, теннис корты орналасқан. Ғимарат осы жылдың мамыр айында қолданысқа тапсырылған болатын.
по материалам: www.mk.gov.kz