20 қыркүйек, 2014. Инчхон. 2014 жылдың 19 қыркүйегінде Корей Республикасының Инчхон қаласында 17 жазғы Азия ойындарыныі шымылдығы түрілген болатын. Барлық делегациялардың арасында ең үлкен құрамамен келген Қазақстан үшін Азия кеңістігінің спорттық жыл оқиғасы сәтті басталды.
Жалпы Азиаданың алғашқы күнінде қазақстандық атлеттер он төрт спорт түрінде өнер көрсеткен болатын.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені ауыр атлетші Маргарита Елисеева қосты. Маргарита «А» тобында 48 кг дейінгі салмақ категориясындағы қоссайыста 194 кг жинап, спортшы қыздардың арасында жеңімпаз атанды.
Қазақстан ұлттық құрамасының келесі алтын жүлдесін 60 кг дейін салмақ категориясында додаға түскен дзюдошымыз Елдос Сметов жеңіп алды. Сонымен қатар, дзюдошыларымыз Линария Мингазова (52 кг дейін) және Азамат Мұқанов (66 кг дейін) Азия қола жүлделері үшін арпалыстағы жеңістерімен қуантты.
Үйлесімді жүзуден қазақстандық Александра және Екатерина Немичтардың жұбы техникалық бағдарламада үшінші орынға табан тіреп, еркін бағдарламада сол көрсеткіштерін сақтап қала алды. Нәтижесінде нәзік қыздарымыз 17 жазғы Азия ойындарының қола жүлде иегерлері атанды.
Жарыстың алғашқы күнінің нәтижелері бойынша жалпыкқмандалық жүлде есебінде Қазақстан ұлттық құрамасы төртінші орынға тұрақтады. Алғашқы орынға Оңтүстік Корея, екінші орынды Қытай, ал Монғолия үшінші орынға табан тіреді.
по материалам: www.mk.gov.kz