2014 жылдың 26 қыркүйегі күні Астанада КСРО халық әртісі, Социалистік еңбек ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының иегері Бибігүл Төлегенованың 85 жас мерейтойын атап өтуге арналған VII Халықаралық вокалисттер байқауының қорытындылары жария етілді.
Биылғы байқауға Қазақстанның әрқилы аймақтарынан, Өзбекстан, Украина, Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Армения, Литва және Монголиядан келген опера өнерінің 50 орындаушысы қатысты.
Әділқазылар алқасының төрайымы, халық сүйіктісі Бибігүл Ахметқызының сөзіне қарағанда, қатысушылардың арасынан 12 финалистті іріктеп алу қиын болды. Алайда әділқазылар төрт күн бойы үздіксіз жұмыс істеп, ақырында фестивальдің жеңімпазын атаған болатын.
Гран-при жүлдесінің иегері болып Л.В.Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваторияның түлегі, Саратов қаласының Академиялық опера және балет театрының солисті Светлана Курышева атанды.
Бірінші орынды қазақстандық Дамир Сәдуақасов, армениялық орындаушы Мане Галоян және Монголиядан келген Анхбаяр Энхболд өзара бөліп алды.
Дәстүрге айналған Вокалистердің халықаралық байқауы операның дарынды орындаушыларына өздерін көрермендерге көрсету, өзге әншілермен шеберлік алмасу, халық әртісінен мастер-класс алу керемет мүмкіндіктерін беріп, қазақ классикалық өнерінің өркендеуі және қазақстандық жастардың рухани дамуына септігін тигізеді.
по материалам: www.mk.gov.kz