22 қазан, 2014. Астана. – Спорттық қозғалыстағы Қазақстан жетістіктерін сақтап қалу үшін жергілікті жерлерде, соның ішінде ауылдық аймақтарда, бұқаралық спортты дамыту қажет, - бұл туралы Астана қаласында Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуіне байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов айтқан болатын.
Комитет басшысы меңзеп кеткендей, ҚР Президенті қолдауының арқасында отандық спорт белсенді дамып, бүгінгі күні қазақстандық спортшылар ірі халықаралық додаларда сәтті өнер көрсетуде. Бұның дәлелі ретінде жуырда ғана өтіп кеткен Қытайдың Нанкин қаласындағы Жасөспірімдер Олимпиалық Ойындары мен Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында орын алған жазғы Азия Ойындарын алуға болады.
Алайда, баспасөз мәслихатында айтылып кеткендей, елде жүргізіліп жатқан спорттық саясаттың жетістіктерімен қатар, шешімі әлі күнге дейін табылмай келе жатқан келелі мәселелер де баршылық.
«Қазақстан халықаралық додаларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр, дегенмен қазақстандық спорт жетістіктерін сақтап қалу үшін аймақтардағы спорттық инфрақұрылымды жақсарту қажет. Бұқаралық спортты, ең алдымен, спорттық қозғалыс тиісті деңгейде дамып отырмаған ауылдық жерлердегі бұқаралық спортқа көңіл аударуымыз қажет», - деді Е.Қанағатов.
Ертең Елордада ашылғалы жатқан Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда халықаралық және отандық мамандар бұқаралық спорт және жоғары көрсеткіштер спортын дамыту мәселелерін талқылайтын болады.
Елсияр Қанағатов: «Біз аталмыш конференцияның жұмысына қатысуға бұқаралық спортты дамыту істерімен ғылым және тәжірибе тұрғысынан айналысатын жетекші отандық және шетелдік мамандарды, өз ісінің жоғары сатылы мамандарды шақырдық. «Дөңгелек үстелдерде» мемлекеттердің спорттық саясаттарындағы проблемалар бойынша пікір алмасу арқылы барлығымыз бірлесе ортақ тиімді ұсыныстар жасап, оларды кейін тәжірибелік жұмыста жемісті пайдалана білетіндігімізге үміттенеміз», - деп сөзін жалғастырған болатын.
Сонымен қатар, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы тілшілерге жуырда аймақтардағы бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар бөлінген Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғандығын ескертті.
«Жақын арада мемлекетіміздегі бұқаралық спорттың даму мәселелері қарастырылған «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл Заңға сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бойынша негізгі қызмет жергілікті басқару органдарының құзырына берілген болатын», - деп мәлімдеді спорттық ведомстваның басшысы.
Ертең, 2014 жылдың 23 қазан күні, Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Белоруссия, Ресей және Украина спорттық қозғалысының жетекші мамандарының басын қосатын «Бұқаралық спортты дамытудың заманауи үрдістері: проблемалар мен шешімдер» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ашылатындығын еске саламыз.
по материалам: www.mk.gov.kz