2014 жылдың 26 қазанында Елорда «Астана Опера» театрының Камералық залында «Тату-тәтті ішекті және басқа аспаптар отбасы» атты балалар абонементінің екі тілді алғашқы концерті өтеді.
Театрландырылған қойылым-концерт кішкентай тыңдарманды ішекті аспаптардың шығу тарихымен, сондай-ақ олардың құрылымымен таныстырады.
Классикалық аспаптар халық аспаптарынан бастау алатыны белгілі, кеште олардың да дыбысы қалай шығатынын естіп білуге болады. Музыка әлеміне саяхат көңілді қыздыратын гитараның және арфаның әсем дыбысымен үндеседі. Жас көрерменге олармен жасты әртістер жеке аспапта орындайтын номерлерден тосынсый әзірледі. Мұнымен қатар бағдарламаны «Мазурка» және «Полонез» билері түрлендіреді.
Аталған абонементтің негізгі мақсаты — классикалық музыка және музыкалық аспаптар жайлы өскелең ұрпақтың білімін жетілдіру.
«Біз кішкентай көрерменді алдымен аспаптардың үнімен таныстырып, содан кейін музыкалық жанрларға кезек берейік деп шештік. Театрдың болашақ көрерменін қандай етіп тәрбиелейтініміз көбінесе біздің бүгінгі жүргізіп жатқан жұмысымызға, оларға қандай репертуар ұсынатымызға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, балаларға музыка жайлы лекциялар пайдалы болады деп есептеймін. Театрға бүкіл отбасымен келгенге ыңғайлы болсын деп біз мұндай концерттерді демалыс күндері өткіземіз», - дейді музыкатанушы Сәуле Мәулетова.
по материалам: www.mk.gov.kz