Тамыз бойы Қазақстанның 14 облысындағы Мәдениет басқармалары «Мәдени өмір паспорты» жобасы үшін материал жинап, тынымсыз еңбек етті. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкерлері де оларға көмектесіп, кеңес берумен қатар, сол облыстарға іс-сапармен барып, қажетті мәліметтер жинады, мәдениет орындарын суретке түсірді, енді міне, өңірлерден алған әсерлерімен бөлісуде. Алдағы қыркүйек айында қызметкерлеріміз Қазақстанның мәдени паспортын дайындаумен айналыспақ. Ал әзірге... «мәдени сапардың әсерімен» бөліспек.
«Қазақстан аумағы жөнінен дүниежүзі бойынша 9-шы орын алады дегенді жиі естиміз. Бұл рас. Оны біз шет елге сапарлап шыққан кезде сезініп, кеудемізді мақтан кернейді. (Себебі кең байтақ еліміздің о шеті мен бұ шеті құс қанаты талғандай). Қазақстанның бір қиырынан екінші қиырына жеткен кезде де бізге тиесілі кеңістіктің қаншалықты үлкен екенін сезінеміз. Көбіміз сапардың бастау алар нүктесін Алматы деп белгілеуді әдетке айналдырдық. Еліміздің оңтүстік астанасы оңтүстік нүктесі саналады. Оның бір қиыры қар басқан таулы шың, бір қиыры жайқалған жасыл желек, бір қиыры Қапшағай су қоймасы. Ал батысты бетке алсаң, қазақ даласының кеңдігінен көзің талатынын түсінесің. Ең шеткі облыс Маңғыстауға жеткенше ұшақпен үш сағат уақытың кетеді.
Маңғыстау – Қазақстандағы өзені мен көлі жоқ бірден-бір облыс. Бірақ ол теңізбен шектесіп жатыр. Оған қоса газы бар... Тұрғындардан суы жоқ жерде қалай өмір сүріп жатырсыздар деп сұрағанымда, олардың бірі: «Газды суға алмастырамыз. Бір құбырмен газ кетіп жатса, енді бір құбырмен су келіп жатады», – деп әзілге айналдырды.
Менің көңілімнен шыққаны – Ақтаудың тұрғындары, ең алдымен, әйелдері болды. Сұлу, сымбатты, өзіне сенімді. Адамдардың бойынан табиғи еркіндік сезіледі. Ол да далалық табиғатпен біте-қайнасқан мінез сияқты.
Бәз біреулер үшін иен дала саналатын жерді ғасырлар бойы қорғап, қазақ даласының бір бөлігі етуге күш салған адай халқында қанмен сіңген өжеттік, тектілік бар... Олар осы қиын географиялық жағдайға әбден бейімделген. Олар Ақтау сияқты бақуатты қалада тұрғанымен, қанмен берілген осы қасиеттерін жоғалтпаған.
Қалада мәдени өмір қызып тұр (әрине, ол жақтың Мәдениет басқармасында үш жыл бойы еңбек демалысынсыз қызмет етіп жүрген Ақмарал сияқты өрімдей жас бойжеткендер бар). Мәдени өмір паспортын дайындау барысында Мәдениет басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу қатты ұнады. Бәрі өз ісінің маманы. Олар облыстың мәдени өмірінің сипаттамасын жасап, облыс мәдениеті туралы ақпарат дайындай жүріп, оған жасалған талдаулар өзге облыстардың мәліметтерімен салыстырылатынын, одан келіп Маңғыстау облысының мәдениет саласының ақсап тұрған тұстарын қалыпқа келтіру қолға алынатынын шынымен түсінді.
Бұл да олардың туған жерге деген құрметінің бір белгісі. Бұл өлкеге барған әр қонақтың ойында жоғарыдағыдай кілт сөздер жатталып қалады екен.
Ғалия Файзуллина