2014 жылдың 31 қазанында Париждегі Астана мәдениет күндері басталады. Елорда мәдениет күндерінің ашылу рәсіміне Париж Бірінші округының мэры Жан-Франсуа Легарэ, Қазақстан Республикасының Париждегі Елшісі Нұрлан Дәненов және құрамына Астана қаласы әкімдігінің, мемлекеттік ведомствалардың өкілдері мен «Астана Опера» әртістері кірген делегация қатысты.
Мәдениет күндерінің ашылуы Франция астанасының орталығы, әйгілі Луврдың алдында орналасқан Пале Ройяль алаңында өтті. Бұл жерде ұйымдастырушылар Париж қауымына қазақ халқының бабалары – көшпенділердің мәдениеті және тұрмысымен танысуғы мүмкіндік беретін «Қазақ ауылы» экспозициясын құрды.
Этноауылда шара қонақтары қазақ киіз үйлерін көріп, алтыбақан, арба, ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін татып көрді.
Алаңда құрылған сахнада Астана ұлттық аспаптар филармониясы қазақ музыкасын үздіксіз орындап, сол филармонияның би ұжымының өнер көрсетуі шараның салтанатты ашылуын безендіре түскен болатын. Сонымен қатар қонақтар «Терра», «Тұран», «Шалқыма» ұжымдарының өнерлерін тамашалады.
Елорданың Еуропа астанасындағы мәдениет күндері аясында «Бастилия Опера» Париж театрының сахнасында «Астана Операның» «Азия дауысы» атты гала-концертін өткізу жоспарланған. Отандық өнер ордасы әйгілі француз театрының сахнасында төл концерттік бағдарламамен өнер көрсету мүмкіндігін алған алғашқы театр болып табылатындығын ерекше атап өту қажет.
по материалам: www.mk.gov.kz