Астанада Документалды кино күндерінің есігі ашылды

03.12.2014 00:00 1598

3 желтоқсан, 2014. Астанада «Ғасырлар аңсаған азаттық» Документалды кино күндері өткізілуде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің аясында өтіп жатқан шараның ұйымдастырушылары «Қазақфильм» АҚ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер универститеті болып табылады.

1 желтоқсанда Документалды кино күндері режиссер Рашид Сүлейменовтың «Қазақстан жолы: Тәуелсіздік шежіресі» циклінен «Мемлекет басшысы» және «Елбасы» атты фильмдерінің көрсетілімінен басталды.

«Қазақстан жолы: Тәуелсіздік шежіресі» атты көп сериялы документалды фильм мемлекет тарихындағы ең жарқын оқиғалардың сараптамасы, халық өмірінің барлық салаларын реформалануындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің ролі мен Мемлекет басшысының әлемдік көлемдегі жаһандық жобалардың бастамашысы ретіндегі жетістіктері туралы баяндайды.

Сонымен қатар шара аясында Қазақстан көрнекті қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған документалды фильмдердің тұсаукесерлері өткізілді. Бұл фильмдердің қатарында режиссер Б. Нүсімбековтың «Шәкен Айманов: адам және аңыз», режиссер Ж. Жетіруовтың «Мырзатай Жолдасбеков» және Д. Саламаттың «Нұрлан Оразалин» киноленталары бар.

Фильмдердің көрсетілімдері Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кинотеатрында және Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы залында өтеді.

по материалам: mk.gov.kz