2014 жылғы 10 және 11 желтоқсанда «Астана балет» театры өзінің екінші маусымын ұлттық жоба-бірактілі «Жусан» балетімен ашады. Қазақ халқының өзіндік ерекшелігі, далалықтардың ұлттық рухының қалыптасу ерекшеліктері туралы баяндайтын спектакльдің қоюшы-хореографы – театрдың бас режисеры Мукарам Авахри.
Либреттоның негізін Бақыт Қайырбековтің жыр жолдары құрады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, кинорежиссер, сценариші Бақыт Қайырбеков өз жырларын даланың бірден-бір символы – жусанға арнады. Сарыарқаның кең жазығында жусанның хош иісін басқа ешнәрсемен шатыстыра алмайсың.
«Жусан» – хореографиялық стилі классикалық, заманауи және сontemporary dance сияқты бірнеше стильдердің құйындысы болып табылатын авторлық балет. Балетті қою жұмысына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алила Әлішева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Тати, Удмурт Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Николай Маркелов, педагог-репетитор Зауре Үмбетқұлова ат салысты.
Қуат Шілдебаев, Сергей Рахманинов, Арво Пярт, Карл Дженкинс секілді композиторлардың музыкалары ойналатын «Жусан» балеті — бейнелік хореографияның үлгісі, онда қазақ халқының әлемді тануының қалыптасуын автор «Бойжеткен», «Құйын», «Жусан», «Кентавлар», «Тәңір сыйы», «Аңшылық», «Жұтатқан жұт», «Қайта туу», «Жорық» картиналарындағы символдар арқылы баяндайды.
Қойылымда Риза Қанаткызы, Зере Исмайлова, Айнур Сұлтанқожаева, Жібек Мешітбай, Милана Буканова, Аяулым Макумова, Шырын Садырова, Балжан Нұрпейісова, Назерке Ахмет, Алтынай Сыдықбаева, Надежда Ким, Евгения Верхова сынды театрдың жетекші солистері өнер көрсетеді.
«Астана балет» театры осымен екінші маусым этникалық тақырыпқа оралып отырғандығын ескертеміз. Өткен маусымда «Әлем» балеті қойылды (балетмейстері Никита Дмитриевский, музыкасы Арманд Амар, Болат Гафаровтікі). Жас ұжымның бұл жұмысы Париж, Вена, Мәскеу, Санкт-Петербург пен Сеулдың әйгілі сахналарында үлкен жетістікпен өтті.
по материалам: mk.gov.kz