Францияда Фонтенбло қалалық театрында және Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23-ші жылдығына орай Дина Нұрпейісова атындағы Ұлттық фольклор оркестрінің концерттері өтті.
Аталған іс-шараға ЮНЕСКО жанындағы тұрақты делегациялар, ЮНЕСКО Хатшылығы, француз қоғамының мәдениет, білім және ғылым өкілдері, Франциядағы қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты.
Шарада ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Альфредо Перез Де Арминьян қазақстандықтарды ұлттық мерекесімен құттықтады.
ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші Нұрлан Дәненов өз сөзінде аталған шара Францияда Қазақстанның Мәдениет маусымы аясындағы соңғы бағдарлама екендігін және Франсуа Олландтың біздің елге сапары кезінде аталған шара нәтижелерін мемлекет басшылары жоғары бағалағандарын атап өтті.
Кеш бағдарламасына Орақ Жауров бастаған оркестрдің орындауындағы Абай, Құрманғазы, Қорқыт, Түркеш, Дәулеткерей, Ықылас, Мұхит, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди сияқты ұлы композиторлар мен ақындардың шығармалары кірді.
по материалам: mk.gov.kz