20 желтоқсан, 2014. Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жеке алтын белгісінің иегері Бибігүл Төлегенова 85 жылдық мерейтойы мен шығармашылық қызметінің 65 жылдығын атап өтті.
Халқымыздың сүйікті әншісін мерейтойымен құттықтау үшін құдыретті талантына тағзым етушілер мен көптеген достары келді.
Мерекелік концертті ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Н.Ә. Назарбаевтың атынан құттықтау хатын оқыды.
Құттықтау хатында Елбасы Бибігүл Ахметқызын әлемдік деңгейдегі әнші, жоғары деңгейдегі опера жұлдызы екендігін атап көрсеткен.
«Талай-талай отандық және әлемдік опералық шығармалардың ариялары Сіздің орындауыңызда әнсүйер қауымның жүрегіне ұмытылмастай болып жол тапты. Жер бетіндегі сан алуан ұлттардың халық әндері Сіздің орындауыңызда жаңаша әрмен құлпырды. Халқымыз өзіңізді бұлбұл үнді әншіміз деп мақтан тұтады» - деп атап өтілген Елбасының құттықтау хатында.
Бибігүл Ахметқызын өнер саласындағы жеткен жеңістері мен жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халықтың махаббаты мен мейіріне бөленгендіктен халық әртісі деп атайды.
Италия мен Франция, Польша мен Қытай, Канада, Швеция және тағы басқа әлем елдерінің опера театрларында Бибігүл Төлегенованың теңдессіз талантына қол соғып, тәнті болды. Халық әртісі әлемнің үздік оркестрлерінің: Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестр, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқады. ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енді.
Бибігүл Ахметқызы операда ғана емес, камералық музыкада вокалдық бейнелер тобын қалыптастырды. Нағыз суретші ретінде, бейнелер тыңдаушыға түсінікті болуы үшін әуенге сәйкес қажетті ырғақ пен қарқынды шебер үйлестіре алды. Бибігүл Төлегенованың шығармашылығында халық әндері ерекше орынға ие. Оның орындауындағы грузин, қазақ, армян немесе вьетнам әндері тыңдарманын бей-жай қалдырмайды.
Концертте отандық және шетел композиторлары операларының ариялары, халық әндері, романстер, халықтық шығармалар орындалды. Оларды қазақстандық опера әншілері, дәстүр жалғастырушылары, Бибігүл Төлегенова атындағы конкурс лауреаттары мен шәкірттері орындады.
Бибігүл Төлегенованың бірінші халықаралық әншілер конкурсының лауреаты Дана Таласпекова «Эрнани» операсынан арияны орындады. С. Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Бибігүл Төлегенованың екінші халықаралық әншілер конкурсының лауреаты Талғат Күзембаев орындады. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басшылығымен Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, Халықаралық конкурс лауреаты Дина Хамзина, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисті Жанболат Жұмағазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сара Ищанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы, ҚР халық әртісі Мұрат Серкебаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаева және басқа да көптеген өнер өкілдері қатысты.
Ел-жұртты әдемі әнге бөлеген бұл игі де ізгі іс, мерекелік концерт әсерлі аяқталды.
по материалам: mk.gov.kz