ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде Құлахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған көрме ашылды

26.12.2014 00:00 1877

 

2014 жылы 25 қаңтарда ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде ұлттық мәдениетіміздің көрнекті қайраткері, қазақ бейнелеу өнері мен кинематографиясының негізін салушылардың бірі Құлахмет Қоңырқожаұлы Қожықовтың туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған «Тұма тағдыры» көрмесінің ашылу салтанаты болды.

Тұңғыш театр және кино суретшісі, кітап графигі әрі ұлттық өнердің нағыз жанашыры десе, көз алдымызға Қазақстан кәсіби театр безендіру және сәндік-қолданбалы өнерінің қалыптасуына көп еңбек сіңіріп, ойып орын алған, ешкімге ұқсамайтын жол бастаушы дарабоз адамның бейнесі келеді.

Қ. Қожықов өнердегі жолын 1932 жылы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрында суретші болудан бастады. Театрда істеген өнімді еңбегі оны Ленинградтағы Үлкен драма театрында сынақ-тәжірибеден өтуге жол ашты. Театр суретшілері студиясында оқығаннан кейін жас жігіт Қожықов Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін туған үйіндей болған өз театрында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін-ақ оның шығармашылық қоржынында 20 шақты спектакльдің безендірілуі жатты.

1942 жылы күзде Қазақстан Үкіметі Қожықовты әскерден қайтарып алады да, Біріккен Орталық киностудияға жұмысқа жібереді. Қ. Қожықов – С. Эйзенштейн, Г. Рошаль, М. Левин сынды тағы басқа да көрнекті кеңес және әлемдік кино шеберлерімен бірге қоян-қолтық араласа жұмыс істеген тұңғыш қазақ суретшісі. Ол ЦОК киностудиясында алғашқы қазақ киноленталарын жасауға белсене ат салысты, олар: елдің ерекше ықыласына бөленген қазақ өнері туралы «Домбыра үнімен»  атты кинотуындысы, қазақ жауынгерлерінің ерлігін баяндайтын «Алып туралы аңыз» киноновелласы және «Жамбыл» фильмінің бірінші нұсқасы. Соңғы аталған фильмнің эскиздері мен кадрларының тамаша топтамасын жасаған да – Қожықов. «Мұз басқан дала», «Жұт», «Жапан даладағы күрке» және т.б. эскиздерінде Қ. Қожықов жұт кезіндегі халықтың сұмдық жоқшылыққа ұшырап, күйзелген көрінісін көрсетті, қыстыгүні далада қатып қалған қазақ ауылдарының көшіне жан бітірді.

Соғыстан кейінгі және одан кейінгі жылдары өзіміздің Алматы киностудиясында түсіріліп, қазақ кино өнерініңң өркен жаюында маңызды кезеңге айналған «Абай әндері», «Біз Жетісуданбыз», «Менің атым Қожа», «Алдар Көсе», «Атамекен» фильмдері, Құлахмет Қожықовтың кәсіби шеберлігі жоғары кино суретшісі және қазақ тарихын, мәдениеті мен тұрмысы турасында терең білгірлігімен оқ бойы озық тұрған дарабоз адам болғандығын баян етеді. Ұлттық болмыстың табиғаты туралы өз ұғымын Қ. Қожықов «Қазақтың халық шеберлері» ғылыми-көпшілік фильміне енгізіп, өзі авторы болды. Сондай-ақ тұңғыш кең форматты «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуіне де мұрындық болып, осы картинаның алғащқы кезеңінде қоюшы-суретші міндетін де өзі атқарды.

Құлахмет Қожықовтың «Саябақ күзі», «Клиндегі орман», «Клиндегі үй» атты акварельдік парақшалары үйлесімдік жағдайының сазды әуені ерекше сезілетін орыс орманының мінсіз сұлулығын береді. Іле Алатауы мен Қаратау етектеріндегі сұлу көріністерде әбден кесіліп-пішілген детальдар бар, түстік дақтар да парақша бетінде жөнімен орналасқан. «Сырдария кеші» композициясында картинаның кеңістігін батып бара жатқан күннің отты шары толықтыра түседі. Көзіңді алысқа, жоғарыға алып кететін оңтүстіктің күлгін тартқан көгілдір аспаны мен көкжиекпен астасатын бой бермес өзен  ағыны бейбіт өмір мен тыныштықтың келбетін береді. 

Костюмдерінің эскиздері мен гримді әзірлеуі суретшінің өз қаһармандарының образдарын жасауда табандылықпен әрі мұқият ізденетінін, қазақтардың материалдық мәдениеті туралы ұғымының мықты екенін баяндайды. Қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиғалардың беттерін тұтас сыйғызған деуге болатын «Ақтабан шұбырынды жылдары» топтамасының графикалық парақшалары шындығында кинематографиялық-композициялық тапқырлықпен орындалған.

Қожықов туа бітті график, тума талантты кітап безендірушісі де болды. 1950-жылдары ол Республикалық баспаны басқарды. Қазақтардың тұрмысын бейнелейтін  суреттер мен Абай поэзиясы, қазақ эпосы мен әлем әдебиеті тақырыбына  ксилографиялар да жасады.

Тарихтың, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің тамаша білгірі Қожықов 1970 жылы Алматыда Республикалық халықтық сәндік-қолданбалы өнер музейін құрып, соның алғашқы директоры болды.  Бүгінгі таңда қазақтың халық өнерінің осы бір теңдессіз ескерткіштерінің коллекциясы – еліміздегі ең ірі музейлердің бірі – ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің  мақтанышы. Суретші өмірінің мәнін түсіну үшін, оның жанының тілін ұғыну керек, ол жырлаған Сұлулықты сезіну керек. Бізге біртуар дара дарын Құлахмет Қожықовтың өмірімен және шығармашылығымен  жақынырақ танысуымыз керек.

по материалам: mk.gov.kz