Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ақ — сүт тағамдары, ақ тағам.

1 сурет.

Түркі мәдениетінде ақ түстің бәрі киелі саналады, әсіресе бұл тағамға, соның ішінде сүт пен сүт өнімдеріне тікелей қатысты. Сондықтан қазақтарда Наурыздағы ең басты тілектердің бірі — «Ақ мол болсын!». Қазақ мәдениетінде қымыз (бие сүті), шұбат (түйе сүті), айран (қышқыл сүт өнімі) сияқты сүттен жасалатын түрлі сусындардың барлығы «ақ» ұғымымен қабылданған. Жалпы, сүт тағамдарының түрі өте мол болған.

Дәстүрлі түркі нанымдары бойынша, сүтті жерге төгуге болмайды. Алайда онымен жасалған бұйымдарды, мысалы, киіз кілемдерді шашыратып аластау ғұрпы болған. Башқұрттар сүт пен сүт өнімдерін тұмар, қорғаныш ретінде қабылдаса, моңғол мәдениетінде олар жер-су иелеріне, ата-баба рухтарына және басқа да киелі күштерге ұсынылатын сый-тарту қызметін атқарған. Қасиетті сусындардың қатарында, ең алдымен, қымыз ерекше орын алады. Эпостарда оған адамға тылсым күш дарытатын қасиет телінген, ал қымызға шомылу дала аруларының сұлулығын ұзартады деп түсінілген. Қазақ мәдениетінде алғашқы бие сауу мен қымыз дайындау үдерісі көктемгі үш ғұрыппен байланысты болған: «бие байлау», «қымызмұрындық» және «айғыр қосу». Бұл ғұрыптардың айқын ритуалдық сипаты бар, ал олардың жекелеген бөліктері зұлым және ізгі рухтар туралы нанымдармен, ата-баба культімен және жылқы культімен, яғни ежелгі жалпыға ортақ құнарлылық культінің бір көрінісімен сабақтасып жатыр.

Әлем халықтарының бәрінде, соның ішінде қазақтарда да, ана сүті ерекше қастерленген, оған магиялық әрі сакралды қасиет берілген. Сол себепті күйеу жігіт жағынан берілетін үйлену сыйлықтарының құрамына «ана сүтінің ақысы» деп аталатын бағалы тарту да енгізілген.

Дәстүрлі ақ тағамдардың қатарына қасиетті мереке күндері дайындалатын ғұрыптық ас — Наурыз көже де жатады. Бұл тағамның құрамына міндетті түрде жеті ингредиент кіреді, өйткені жеті — культтік сан. Олар: су, тұз, бидай ұны, сүт тағамы (айран немесе сүт), құрт, дәнді дақылдар және жылқы еті (қазы). Тағамның осы жеті құрамы келер жылдағы ырыс-береке мен молшылықтың нышаны болып саналады.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.