La Scala cопраносы

20.03.2015 1189

IMG-20150319-WA0004

Астана Опера» сахнасында бірінші рет La Scala сопраносы Доната Д’Аннунцио Ломбарди өнер көрсетеді.Итальяндық жетекші опера әншілерінің бірі саналатын Доната 3 сәуірде Дж. Пуччинидің «Богема» операсында Мими партиясын шырқайды.

Әйгілі ақын Габриэле Д’Аннунционың ұрпағы болып табылатын итальяндық сопрано Доната Д’Аннунцио Ломбарди Еуропада аса танымал. Әншіні Пуччинидің операларын орындайтындар ішінде үздік сопрано деп атайды. Ол жоғары дауысымен шырқаған кезде, әуен оркестрмен үйлесіп, ауада қалықтайды. «Ұшталған техникасы мен кең диапазонының арқасында, оның әрбір алған нотасы сахнада өрбіп жатқан драмалық сәтке сәйкес келеді» (Sergio Sciacca, La Sicilia г-ті).

Доната Оффенбахтың «Әсем Еленаға» операсында Елена, Кальманның «Чикагодан келген герцогиня» опереттасында Мэри Ллойд және В. Ранзатоның «Cin Ci La» опереттасында аттас рөлдерді асқан шеберлікпен орындаумен атағы шыққан. Ол өнер көрсеткен ең биік сахналар: Ла Скала, Туриндегі Реджио, Палермодағы Массимо театры, Арена ди Верона, Парманың Корольдік театры, Фиренце қалалық театры, Неапольдегі Сан-Карло театры және тағы басқасы.

Қоюшы дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссері –Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров. Рудольфтің партиясын «Астана Опера» театрының жетекші солисті Медет Шотабаев (тенор) шырқайды. Осы кеште дирижерлық тізгін Джузеппе Акуавивада (Италия) болады.

Композитор операны Анри Мюрженің «Богеманың өмірінен көрініс» атты әйгілі француздық романының желісі бойынша жазған.

Көрініс Париждің Латын кварталында Рождество қарсаңында өрбиді. Операдағы кейіпкерлердің барлығы жастар. Атап айтсақ, бұл париждік мансардыларды мекендеген пақыр зиялы қауым өкілдері: ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар және философ Коллен. Пәтер ақысын төлеуге де, тамызыққа да көк тиындары болмаған олар, басқа түскен мұқтаждыққа қарамастан көңілді күн кешеді. Өзі тұратын үйде көйлек-көншек тігетін Мимиді кезіктіретін Рудольф, оған бірден ғашық болып қалады. Мими де оны ұнатып қалғанын жасырмайды. Алайда бақытты күндер ұзаққа созылмайды. Рудольф пен Мимиге айырылысуға тура келеді: нәзік қыз өкпе ауруына шалдығады, ал Рудольфтің үйі дымқыл да, суық. Қыс та артта қалып, Мими Рудольфқа қайта кезігеді, алайда байқұс қыздың күні санаулы еді. Өкінішке орай жаны пәк, нәзік те, қамқорсыз қыздың маңдайына ұзақ ғұмыр жазбаған екен. Опера 4 бөлімнен тұрады, атап айтсақ: бірінші екеуіне қиялдағы бақыт үстемдік етсе, қалғаны – осы бір тәтті қиялға ойран салады.

Анықтама:

Доната Д’Аннунцио Ломбарди Торре дель Лагодағы Пуччини фестивалінде Мюзетта және Мими («Богема»), Чио-Чио-Сан («Мадам Баттерфляй»), Лю («Турандот») және Магда («Қарлығаш») портреттерін сомдағаны үшін «Albo d’Oro Puccini» айтулы сыйлығының иегері атанды. 2013 жылы «Gigli D’Oro» сыйлығын асқан шеберлігі мен мансап жолында қол жеткізген сан қырлы жетістігі үшін иеленді. 2012 жылы қос дебюті – Мария Стюарт және Антонина рөлдерін орындағаны үшін Бергамодағы Доницетти фестивалінде «Жыл әншісі» атағына қол жеткізді. Париждегі Шатл театрының қамқорлығымен «Les Victoires de la Musique Classique» сыйлығын вокалдық тұрғыдан таза орындағаны үшін (Моцарттың шығармаларын орындады) марапатталды. Марапаттар ішінде Катаниядағы опералық театрдың қамқорлығындағы сыншылардың арнайы марапаты – «Domenico Danzuso» да бар. Ол Тостидің камералық әндерін Еуропада, Ла Скала театрында, Жапонияда жәнеАмерикада шырқағаны үшін Халықаралық Франческо Паоло Тости байқауының бірінші сыйлық лауреаты атанды.

Спектакль 19:00 басталады, билет 500 тенгеден басталады.

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>