Фигаро анда, Фигаро…

01.04.2015 1048

 

Қазақстанның белгілі опера әншісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисті Сүндет Байғожин тағы да Италияға жол тартты. Сәуірдің 12 мен 14 жұлдызында ол Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы басты партияны (Фигаро) әйгілі Filarmonico (Верона, Италия) театрының сахнасында шырқайды.

Сүндет Байғожин өткен жылдың мамыр айында Arena di Verona қоры өткізген Халықаралық опера әншілерінің X конкурсында жеңіске жеткенін естеріңізге сала кетейік. Бір партияға қол жеткіземін деп үміттенген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, бірден үш партияны орындауға шақыру алды. Солардың алғашқысы 2014 жылдың 11 қарашасында үлкен табыспен өтіп, әнші ол кезде Дж. Пуччинидің «Богема» операсында басты партияны сомдады (Верона, Италия).

Жарты жылға жуық уақыт өткенде, әнші тағы да итальяндық тыңдарман алдында өнер көрсетуге дайын. Ол Фигаро партиясына әбден дайындалды. Оның ойлап тапқыш, тілі өткір, өмір сүйгіш әрі жігерлі келетін кейіпкері адам нанғысыз зерек, жоқ жерден шиеленіс туғызу мен дегеніне жету оған түкке тұрмайды.

- Қызық та, ойынмен байланысты келетін Фигаро партиясы орындаушыдан асқан шеберлікті талап ететін және техникалық тұрғыдан ең күрделі саналатын партиялардың бірі. Мені дайындаған концертмейстерім – Мәдениет қайраткері Елена Сахноға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, Миланда өткізген демалыс барысында осы партияға дайындалуыма үлес қосқан La Scala театрының белгілі концертмейстері, россинилік стильді түсіндіретіндердің үздігі Ричард Баркерді де атап өткім келеді. Аталған опера маған шынайылығымен, барынша өмірдегі жағдайларға жақын келетіндігімен ұнайды, мұнда кейіпкерлер шайқаспайды. Опералық спектакльде қарапайым адамдардың шынайы мінезі суреттеледі, кейіпкерлер әртүрлі, бейнелі.

- Бұл рольді сомдау, мен үшін үлкен бақыт. Дебютім өткен соң, аталған партия менің репертуарымнан өзінің лайықты орнын иеленеді деп үміттенемін.

Бүгінде Сүндет Байғожин еліміздің мәдени имиджін шет елде лайықты деңгейде танытып жүр.

Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсы 2 бөлімнен тұрады. Либреттосын Пьер Бомаршенің аттас комедиясы бойынша Чезаре Стербини жазған. Тұсауы 1816 жылдың 20 ақпанында Римде кесілген. 

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>