«Бақшасарай бұрқағы» балетінің тұсаукесерімен «Астана Опера» көрерменін таң қалдыруға дайын

14.04.2015 1250

_DSC2227

 

Елордалық театрдың көрерменіне ұсынатын таңғажайып тұсаукесері – «Бақшасарай бұрқағы» – драмалық балет жанрында қойылған еңбектердің ішіндегі ең үздігі. Балеттік спектакльдің жаңа редакциясын қазақстандық хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаева жүзеге асырды. Спектакль көпшіліктің сынына 11 және 12 сәуірде ұсынылады.

Александр Пушкиннің аттас поэмасының желісімен сахналанған, прологы мен эпилогы бар төрт көріністен тұратын Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық поэмасын Николай Волковтың сценарий бойынша 1934 жылы балетмейстер Ростислав Захаров дүниге әкелген. 

 - Біз спектакльді дайындаған кезде бәрін өзгертуге тырысқан жоқпыз, керісінше, мирас болған нұсқаны сақтап, жаңа заман ағымына сай шамалы өзгеріс енгіздік. Осылайша біз подноспен биді, Герейдің екінші әйелінің биін, горемдегі таң және күңдер көрінісінде жаңа би қойдық. Әлемдік хореографияның жауһарына айналған кейіпкерлер – Мария, Зарема, Вацлав, Герей және Нұрәли өзгертілген жоқ. Бұған дейін аталған балетпен жұмыс жасағанда кеңестік стильді ұстанатынбыз. Енді сценографиясы мен костюмдері көркем келетін спектаклімізді әлемдік стандартқа сәйкестендіргіміз келеді, – дейді Ғалия Бөрібаева.

 «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінің сценографиясын заманымыздың аса көрнекті суретшілері Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино дайындады. Суретші-сценограф Эцио Фриджерионы таныстырудың өзі артық. Дүние жүзінің атақты режиссерлары онымен жұмыс жасағанды құрмет көреді. Оның ең үздік еңбектерінің ішінен Нурия Эспертпен (Лондон, 1987 ж.) «Бернарда Альбаның үйін», Роже Планшонмен (Париж, 1988 ж.) Ж. Б.Мольердің «Сараңын», Андрей Кончаловскиймен (Париж, 1988 ж.) А. Чеховтың «Чайкасын», Марко Шаккалугамен бірлесіп жасаған (Женева, 1990 ж.) Ф. Дюрренматтың «Физиктерін» ерекше атап өтуге болады. Өзінің болашақ жұбайы Франка Скуарчапиномен бірлесіп ол 1972 ж. жүзеге асырған алғашқы спектаклі – У. Шекспирдің «Лир королі» (Пикколо театрдағы Дж. Стрелердің қойылымы). Содан бері олардың жұбы жазылған емес, Эцио – сценограф, Франка – костюм суретшісі. «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино «Астана Опера» үшін өте нәзік те, көздің майын тауысатын жұмыс жасады. Костюмдердің барлығы технологиялық тұрғыдан алғанда күрделі келеді, қолмен тігіледі.

 - Біз қайталанбас сәттерді бастан кешіп жатырмыз, неге десеңіз, дүние жүзінің маңдай алды суретшілерімен бірлесіп жұмыс жасау үстіндеміз. Э. Фриджерио салған польшалық әсем қамалды көрермен бірінші актіде тамашалайды. Екінші актіде баршаның назарын өзіне аударатын гаремге тоқталсақ, бұл тұста сценографқа ерекше алғыс білдіру қажет, себебі ол декорацияларды өте жоғары бағалауға болады. Ол Альгамбраны – сәулет пен парк ансамбль құрған өзінше әсерлі, мұсылман әміршілерінің көне сарайлары, қамалдары мен бақшаларынан құралып, Батыс Еуропада мавритандық сәулетшілердің ең жоғарғы жетістігі саналатын арабтар сәулетінің квинтэссенциясын бейнеледі. Арабтардың декорында бояу жоқ, оюлары сырбазды келеді де, сонысымен ерекше. Біздің қойылымда 3D проекцияда жасалатын «Көз жасының бұрқағы» өзінше бір төбе. Егер тарихи деректерге жүгінсек, онда бұл бұрқақ жұмақтағы бұлақ көзі Сельсебиль деп аталатын бұрқақтар класына жатады. Бұрқақтың сельсебильдік түрі – құрылысы белгілі бір наным-сенімге сәйкес киелі саналып, әулиелі жерлерге салынады. Наным бойынша адам жаны Жұмаққа түскенде, осы таза қайнар бұлақтан сусындайды екен. Бұрқақтың мәніне поэзиялық тұрғыдан қарап көрсек, онда ол жасы тамып тұрған мәрмәр гүлді еске салады.

 Спектакльге «Астана Опера» балеттік труппасы толығымен қатысады деуге болады. Екі күндік тұсаукесер барысында өзгеретін басты кейіпкерлер құрамы: Мария, князь қызы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Бордо Операсының (Франция) шақыртылған солисті Мәдина Баспаева, Назерке Аймұхамедова; Зарема, Герейдің сүйікті әйелі – Әйгерім Бекетаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина, Әнел Рүстемова; Герей Хан – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев, Бауыржан Мекембаев, Жәнібек Иманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров. Әскери қолбасшы Нұрәли – Бақтияр Адамжан, Елдар Сәрсембаев, Серік Нақысбеков, Арман Оразов; Вацлав, Марияның күйеу жігіті – Еркін Рақметоллаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов. Оқиға Польшада және Бақшасарайда XVIII-XIX ғасырлар аралығында өрбиді. Қоюшы дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айдар Абжаханов.

 Зареманың бейнесін – балеттегі басты партияны Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова дайындады. Ол бұл партияға театрдың жетекші солисттерін әзірледі, олар – Борис Эйфманның балет театрының шақыртылған солисті Әйгерім Бекетаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина және Әнел Рүстемова. – Бұрын Киров атындағы театр болған кезде Р. Захаров қойған тамаша «Бақшасарай бұрқағы» балеті күні бүгінге дейін тоқтаусыз жүріп жатыр. Бастапқыда қалыптасқан дәстүрлер аяқтан аяққа, қолдан қолға мұқият жеткізілуде. Әйгілі орыс балеринасы Татьяна Михайлқызы Вечеслова Зареманың керемет бейнесін жасады, ал Уланова (Мария) мен Вечеслова (Зарема) мінсіз орындаған көрініс бүгінде жас әртістер үшін үлгі болып келеді. КСРО Халық әртісі Ольга Николайқызы Моисеева Вечеслованың шеберлігін қабылдап, өз кезегінде, маған осы рөлдің барлық ерекшеліктерін түпкілікті түсіндіріп, үлкен махаббатпен жеткізді. Мен бұл партияға үш балеринаны дайындадым, олардың барлығы әртүрлі және сонысымен маған ұнайды, – дейді Алтынай Асылмұратова.

 

Спектакльді дайындау барысында әртістер музыка өлшемінің ыңғайсыздығы, материалды меңгеру барысында үнемі аңғарып отыратын көптеген ұсақ-түйектер секілді түрлі қиындықтарға тап болды. Қоюшы хореограф, әртүрлі әртістердің қатысуы, спектакльді ерекше ететінін атап өтті. – Мысалы, бір Герейдің өзі бойындағы бар болмысымен өзгесін қайталай алмайды. Спектакльдің дайын болғанына қарамастан, әртістер әлі күнге дейін репетиция сайын өз кейіпкерлерін шыңдаумен жүр. Партияны түсініп, оны толықтырған сайын жаңа эмоция шығарасың – бұл таусылмайтын жұмыс процесі.

Қоюшылар тұсаукесер алдында қандай сезімде екен деген сұраққа олар, мақалдағыдай, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жауап қатты. – Тұсаукесер қарсаңында труппадағылар белді бекем буды, неге десеңіз, әртістерге жүктелетін жауапкершілік ерекше. Олардың әрқайсысы өз-өзіне сенеді және барлығын аса жоғары деңгейде жасауға тырысады. Эмоция шарықтап, көңіл-күйдің қыза түсуінің арқасында жұмыс та жүреді.

по материалам: astanaopera.kz

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>