Түркия Президенті Ұлттық музейде болды

24.04.2015 1046


«Қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін алғаш болып мойындағаны үшін Түркияға ерекше құрметпен қарайды. Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз.

Сондықтан, түбі бір Түрік елі басшысының бұл сапарының мәні ерекше. Түркия – Қазақстанның ең жақын әрі сенімді саяси және экономикалық әріптестерінің бірі», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында.

Сапар аясында Түркия Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде болды. Түркия көшбасшысы Қазақстанның мәдени мұрасын бағалайтын және сараптайтын заманауи зерде орталығына айналып отырған музей қызметімен танысты. Экскурсия кезінде Түркия Республикасының делегациясы Қазақстанның ежелгі тарихы мен бүгінгі кезеңіне дейінгі археологиялық, этнографиялық және тарихи-мәдени ескерткіштері жиналған экспозициялық залдарды аралады.

Экскурсия соңында Реджеп Ердоған мәдени орталықтан алған әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді және естелікке кәдесый сыйлады.

 «Қазақстанда біз өзімізді ата-бабаларымыздың отанында жүргендей сезінетінімізді және бұл біздің халықтардың қарым-қатынасына оң әсер ететінін атап көрсетуіміз керек. Сондықтан біздің елдер үшін мәдениет саласындағы біріккен қызметтердің маңызы зор. Мәдениет саласындағы әріптестігіміз біздің қарым-қатынасымызды одан әрі дамыта беретіні сөзсіз», - дей келе Р. Ердоған алдағы уақытта Түркияда Ұлттық музейдің, Қазақстанда Түркия музейлерінің, сонымен қатар Ұлттық музейде Топкапы музей-сарайының көшпелі көрмесін ұйымдастыруды ұсынды.

Бүгінгі таңда Топкапы сарайы әлемдегі әйгілі музейлердің бірі болып табылады. Мұнда жалпы халықтың назарына 65000 экспонат  ұсынылған. Бұл Топкапы музейі коллекциясының оннан бір бөлігі ғана. Бірнеше ғасыр бойы  Топкапы сарайы Осман сұлтандарының резиденциясы болған. Ал 1924 жылы музей-сарай аталып, әлемнің барлық туристеріне есігін айқара ашқан.

Топкапы қоймасында әлемдегі ең үлкен асыл тас сақталып тұр. Сонымен қатар, бұл жерден 48 келі таза алтыннан жасалған 86 карат гауһар тасты және 6666 (Құрандағы аят саны) гауһар тастан жасалған әшекейді көруге болады.

по материалам: astanamuseum.kz

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>