Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағаттық материалдары жарияланды

06.05.2015 954

 Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сәуір айының 4 жұлдызында Берік Әбдіғалиұлының  «Ұмыт қалған батырлар» атты  кітабының тұсауы кесілді.

 Кітапқа Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда әртүрлі себептермен өздеріне лайықты  марапатты ала алмай қалған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлер туралы материалдар топтастырылған. 

Жинаққа «Халық Батыры» акциясы аясында жоғары атаққа ұсынылған біздің 10 отандасымызға қатысты құжаттар мен нақты айғақтар енгізілген. Бұлардың басым бөлігі  қазақстандықтар үшін беймәлім.

Кітапта Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағаттық материалдары мен құжаттары тұңғыш рет жарияланып отыр.

Бұл туралы Б. Әбдіғалиұлы: «Мен бұл істі Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қолға алдым. Жинақ шығару арқылы әміршіл жүйенің озбырлығынан қағажу көрген аға ұрпаққа тәуелсіз елдің азат азаматы ретінде лайықты құрмет көрсетуге атсалысқым келді. Алайда қолдау  жетіңкіремегендіктен жинақ сәл кешігіп жарық көріп отыр.

Жинаққа енген жауынгерлердің арасында Бауыржан Момышұлының өзі Кеңес Одағының Батыры атағын беруді сұраған адамдар бар. Мысалы Жұмаш Рахметов Екінші Дүниежүзілік соғыстың ең мықты танкисті атанған жалғыз қазақ. Ол 3 күнде жаудың 11 танкісін істен шығарған. Ибраим Сүлейменов пен Төлеуғали Әбдібеков аттары аңызға айналған снайпер болған. Төлеуғали Әбдібеков одақ бойынша ең үздік 20 снайпердің қатарына кірген. Бірақ бұлар ұсынылғандарына қарамастан Кеңес одағының батыры атағын ала алмаған.

Жинақтың бір ерекшелігі біз барлық деректерді құжаттармен бердік. Мұнда командирлерінің бұл кісілердің қандай ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атағын беруге лайық  екенін көрсетіп жазған түпнұсқа құжаттары бар.

Бұл – насихат. Ерлерімізді ел білсін, шешім қабылдайтын билікте жүрген ағаларымыз білсін деген ой. Мұнда тарихшылардың, журналистердің, майдангерлер ұрпақтарының мақалалары, жазған хаттары, суреттері  және ең бастысы  ерлігі туралы Москвадан алынған құжаттар топтастырылған», - деді.

Оның сөзінше, жинаққа енген 10 жауынгерді туыстарынан басқа ешкім білмейді. Оларға мектептің не көшенің аты берілмеген. Есімдерінің ескерілмей, ерліктері еленбей қалуына сол кездегі штаб басшылары мен партияның шолақ белсенділері себеп болған.

- Біз жинаққа енген 10 жауынгерді тәуелсіз Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағына ұсынуымыз керек. Кітаптың тұсаукесеріне қатысып отырған халық қалаулыларынан осы істің алға жылжуына қолұшын созуларын сұраймыз.

Соғыста ерлік көрсеткен адамдарға құрмет көрсету әр адамның азаматтық парызы деп білемін. Сондықтан барлықтарыңызды игі іс жасауға шақырамын. Өйткені ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс.

Жинаққа енген 10 жауынгердің екеуі ғана балалар үйінде тәрбиеленген. Қалғандарының артында қалған ұрпақтары бар. Олар аталарының құрметтелгенін қалайды,- деді ол.

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>