Белгілі де, белгісіз Глинка

26.05.2015 1680

30 мамырда «Астана Опера» театрының Камералық залында, «Музыканың алтын ғасыры» атты концерттер тізбегінің аясында, орыстың классикалық музыкасының негізін қалаушы М.И. Глинканың екі шығармасының Қазақстандық тұсаукесері өтеді. Кеште сондай-ақ композитордың танымал романстары шырқалады.


DSC_1631 copy

 

Фортепиано мен ішекті квинтетке арналған үлкен секстет ми-бемоль мажор және В. Беллинидің «Сомнамбула» операсының әуеніне қойылған тамаша дивертисмент қазақстандық көрерменнің назарына алғаш рет ұсынылмақшы. Композицияларды орындайтын «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары – Валерий Моисеенко, Кирилл Красюков (скрипкалар), Игорь Белобородов (альт), Фахриддин Құсниддинов (виолончель), Анатолий Якушкин (контрабас), сондай-ақ концерттің авторы, театр концертмейстері Долорес Үмбетәлиева.

Долорес Үмбетәлиева өзі үшін М.И. Глинканы тағы бір қырынан ашқанын айтады: «Біздің биылғы маусымның тізбегін аяқтайтын концерт әлемдік деңгейдегі орыстың тұңғыш композиторы, шығармашылығы орыс музыкасының Алтын ғасырының бастау алуына негіз болған, орыстың композиторлық, аспапты орындаушылық және вокалдық мектебінің атасы М.И. Глинкаға арналады. Концертімізде оның камералық-вокалдық, опералық немесе симфониялық туындылары сияқты көпке таныла қоймаған аса көркем камералық-аспаптық музыкасы орындалады. Біз белгілі туындыларды белгісізімен біріктіріп, бір композиторды түрлі қырынан аша түстік».

Өзі тенор болып, ән салғанды жаны сүйген М.И. Глинканың романстары – орыстың камералық-вокалдық лирикасының маржандары. А. Пушкиннің өлеңіне жазылған «Сол бір ғажап сәт есімде», Е. Баратынскийдің өлеңіне жазылған «Бекерге мені еліктірме», В. Жуковскийдің өлеңіне жазылған «Байғұс әнші», «Сенімен бірге болған тәтті сәттер», «Бозторғай», «Венеция түні» және басқа да белгілі романстары операның жетекші солисті, халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қоры сыйлығының лауреаты Мейір Бәйнешовтің орындауында шырқалады. Романстар рояльмен қатар, ішекті квинтеттің де музыкалық сүйемелдеуімен орындалып, шығармаларды бұрынғыдан бетер әсем етіп, оларға жаңа рең береді.

Мейір Бәйнешов осы бір өзгеше кешке қатысатынына өте қуанышты екенін атап өтті. – Академиялық вокалдың әншілері барлығы дерлік өзінің өнер жолын Михаил Иванұлы Глинканың романстарынан бастайды. Мен вокалдық өнерге 2001 жылдан бері үйреніп келемін және күн сайын жаңа бір нәрсе меңгеремін. М.И. Глинканың мен үшін қымбат романстарын жылдар өткен соң орындаған кезде, ал қазір мен оларды қалай дұрыс шырқау, жеткізу керек екенін білетін кезде, мен өзімнің вокал өнеріне алғаш басқан қадамдарымды, училищенің бірінші және екінші курсында жүргенде 15-16 жасымда және кейін консерваторияда – жете түсінген кезімде бұл романстарды шырқаған күндерімді аңсаймын, – дейді ойымен бөліскен солист. 

Фортепиано партиясы – халықаралық конкурстардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева.

Концерт 19:00 басталады, билет бағасы 1 500 теңге.

по материалам: astanaopera.kz

 

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>