«Музейдегі түн» шарасына 23 мың адам қатысты

26.05.2015 1425

Халықаралық музей күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» мерекелік шарасы өтті. Шараға 23 мың адам қатысты.

 

 Аталмыш акция 15 мамыр күні кәсіби би ұжымдары мен еріктілерден құралған 300 адамның флэшмобымен басталды. Онда Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы және еліміздегі музей ісінің өткені мен бүгіні театрландырылған қойылым арқылы сахналанды. Қойылым кезінде Қазақ хандығының тарихынан сыр шертіліп, «Мәңгілік ел» идеясы насихатталды. Шара шеңберінде Ұлттық музейге Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «ҚХА – 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны – Тайқазан мен  Жеңістің 70 жылдығына арнап «Қазақстан» телерадиокорпорациясы шығарған кітаптар топтамасы табыс етілді.

 «Музейдегі түнге» жиналған жұрт алғашқы адам, сақ патшайымы, қазақ батырлары, сәукелелi қалыңдық сынды арнайы костюм киген кейiпкерлердiң қызыл кiлем үстiмен жүрiп өткенін тамашалады. Сонымен қатар Ұлттық музейдің аспанында алып қыран құстың қалықтағанына куә болып, Қазақстан картасы үлгісіндегі үлкен медиа-экраннан еліміздің жазиралы жазығы мен сайын даласына виртуалды саяхат жасады.

 

Мерекелік шараның салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ құттықтау сөз сөйледі. Ол еліміздегі музей ісі ерекше қарқынға ие болып отырғанын және бұл бағытта тыңға түрен саларлық ілкімді ізденістерге қадам жасалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ министр ұйымдастырылып отырған акция Орталық Азиядағы аса ірі шара екенін баяндады.

  Ұлттық музейдің директоры Дархан МЫҢБАЙДЫҢ мәлімдеуінше, «Музейдегі түн» әлеуметтік маңызы бар акция. Себебі ол халықты өткенін саралауға, бүгінін бағалауға ғана шақырмайды, бірлігін бекемдеуге, құндылығын қастерлеуге сол арқылы бір мақсат, бір мүдде, бір ел аясына топтасуға үндейді.

 «Музейге, мәдениетке деген қамқорлық бейбiт әрi берекелi елде ғана болары сөзсiз. Бәсекеге қабiлеттi мемлекет атануымыз үшiн бiз мәдениетiмiздi де жоғары деңгейге көтеруiмiз керек. Ұлттық музейде экспонаттарды бүтiн қалпында бүлдiрмей сақтауға және келушiлердiң жәдiгерлердi еркiн тамашалауына барлық жағдай жасалған.  Бүгінгі шара ұрпақ тәрбиесі үшін де қажет. Себебі Ұлттық музейдің ұжымы жас жеткіншектерге тарихын танытуды басты парыз санайды», - деді ол.

Акция аясында музейге келушілер «Қазақ батырлары» атты арнайы театрландырылған экскурсияға, әртүрлі тақырыптық көрмелерге куә болып, тарих пен мәдениетке қатысты  викториналық ойындарға қатысты.

 

 Сонымен қатар сала мамандарының дәрістерін тыңдап, жауһар жәдігерлер мен тарихи артефактілерге қатысты бейнероликтер мен деректі фильмдерді тамашалады.

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының  актерлері қала тұрғындары мен қонақтарына соғыс жайлы спектакль ал Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен магистранттары «Алтын адам» туралы қойылым қойды.

Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына ерекше назар аударылып, атаулы даталар интерактивті жобалар арқылы насихатталды.

 

 Бұл туралы бізге Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлі Ғалия АҚПАНБЕКОВА:«Біздегі көп залдардың бірі – «Тарих» залы. Бұл зал Қазақ хандығының қалыптасуы, өркендеуі, хандықтағы батырлар институты, билер институты, хан көтеру рәсімдері сынды тақырыптарды қамтиды».

Қазір мұнда Абылай ханның шапаны мен қазақ батырлары киген алтын жалатылған дулығаның түпнұсқасы және Түркістан қаласынан жеткізілген Қазақ хандығы кезінде ұсталған тудың басы тұр. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы кезінде табылған заттар да осы залға қойылған» деді.

 Айта кетейік, 18 мамыр – Халықаралық музейлер  күні дүниежүзінде 1977 жылдан бері аталып өтіп келеді. Осы жылы Мәскеу мен Ленинград қалаларында өткен Халықаралық музейлер Кеңесінің 11-конференциясында халықаралық музей күнін атап өту жайлы ресми шешім қабылданған болатын. Ал «Музейдегі түн» шарасы алғаш рет 1997 жылы Германияда «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен ұйымдастырылды.  2001 жылы бұл идеяны Париждегі Лувр музейі қолдап, кейіннен ол әлемнің көптеген музейлерінде дәстүрлі түрде өткізіле бастады.

2014 жылғы  2 шілдеде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» халықаралық акциясы биыл тұңғыш рет ұйымдастырылды және өте жоғары дәрежеде өтті.

 

 

 

по материалам: astanamuseum.kz

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>