Ұлттық академиялық кітапханада Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды

22.01.2015 09:12 1504

22 қаңтар, 2015. Астана. Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада филология ғылымдарының докторы, академик, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ белгілі ғалымдар, зиялы қауым және мемлекеттік және қоғамдық құрылым өкілдері қатысты.

М. Жолдасбеков кітапханасының қорында 6 641 дана (5 685 аталым) кітап. Алдағы уақытта кітапхана қоры әрі қарай толықтырылатын болады.

Сондай-ақ, М. Жолдасбеков жеке қорындағы қазақ және басқа да халықтардың ұлттық аспаптарының бірегей топтамасын (домбыра, жетіген, гармонь, сазсырнай) Ұлттық академиялық кітапханаға қалдырды.

Ерікті түрдегі бұл акт Ұлттық академиялық кітапхананың қорын толымдап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.

Б. Сапарбаев осы акция азаматтық ұстанымды көрсетудің өнегелі үлгісі және осындай игілікті істер еліміздің барлық өңірлерде өзінің жалғасын табу керек деп атап өтті.

Сонымен қатар, Б. Сапарбаев Қазақстан шығармашылық одақтар мен жас шығармашылық өкілдермен кездесті.

Кездесу барысында шығармашылық одақтардың өзекті мәселелері талқыланып, бір топ одақ мүшелеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табыс етілді.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Отанды жырлаудан асқан міндет жоқ дей келе, шығармашылық одақтарға қазіргі заман талабына сай, еліміздің жетістіктерін жырлайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін тың дүниелер жасауға шақырды.

Сондай-ақ, шығармашылық одақтар, жазушылар мен өнер адамдары биылғы жылы тойланатын Қазақ хандығының 550-жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдықтарын, Ұлы Жеңістің 70-жылдығын атап өтуге белсене қатысулары, шет елдерде мәдени шараларды ұйымдастыруды қолға алулары қажет екендігін айтты.

Ал министрлікке, шығармашылық одақтармен тығыз байланыста жұмыс жасап, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді бірлесе атқаруды тапсырды.

по материалам: mk.gov.kz