Қазақстан таеквондо құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирде 10 медальге қол жеткізді

09.02.2015 09:30 1373

9 ақпан, 2015. Қазақстан таеквондо құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирде 10 медальге қол жеткізді.

G-1 дәрежесіндегі жарыс елдің Фуджейра қаласында өтіп, додаға әлемнің әр елінен келген 550 спортшы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында тіпті Фуджейраның мұрагер ханзадасы Шейх Мохаммед бин Хамад бин Мохаммед Аль Шарки ат салысып, турнир беделін асқақтатып жіберді.

Қазақстан құрамасы 3 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 2 күміс пен 8 қола медальді қанжығасына байлап, үздіктер қатарынан көрінді.

Ақтық сындарда 67 келі мен 73 келі салмақта өнер көрсеткен қыздарымызға сәттілік жетіспей, Феруза Ергешова мен Айгүл Елубай екінші орынға табан тіреді. Алдангорова Фариза (49 кг), Дулатова Рахат (53 кг), Бибалаева Гүлим (67 кг), Іргебай Айзере (67 кг), Жунусова Мереке (+73 кг), Ұзақбай Динара (+73 кг), Мырзабаев Нұрлан (74 кг) және де құрамадан бөлек барған Исламханов Кайыржан (63 кг) қолаға қанағат етті.

Айтып кету керек, былтыр дәл осы жарыста біздің спортшылар 2 жүлдеге ғана қол жеткізген болатын.

по материалам: mk.gov.kz