Үстіміздегі жылы Қазақстан мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарының 90 шарасын өткізу жоспарлануда

16.02.2015 09:17 1392

 

 

16 ақпан, 2015. Астана. Үстіміздегі жылы Қазақстан мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарының 90 шарасын өткізу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова хабарлады.

 Мәдени саясат Тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарына басым көпшілігі бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастыру үшін жағдай жасау, ұлттың мәдени кодын және заманауи мәдени кластерлерді қалыптастыру, саланың даму серпінін бағалауға бағытталған әлеуметтанушылық зерттеулер сериясын жүргізуге бағытталған 148 шара кірді.

«Елбасы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жолдауында 2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп, атап өтті. Сонымен қатар, Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сынды тарихи белестер- Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңірудегі айрықша рөліне назар аударды», — деді департамент басшысы.

А. Райымқұлова хабарлағандай, сонымен қатар Қазақ хандығының тарихын жалпыға жариялау, Қазақстан халықтарының бірлігін нығайту және негізгі құндылықтарды қоғаммен үйлестіру, соның негізінде — тәуелсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімділікті, Қазақстандық ұлтжандылықты нығайту мақсатында Қазақ хандығының 550-жылдығын өткізу іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның құрамына тарихи-мәдени мұра объектілерін жаңғырту және сақтауды,ұйымдастыру-дайындық, ғылыми-аналитикалық, мәдени, қоғамдық-саяси және шет елдерде ақпараттық-ұйымдастыру жұмыстарын қамтитын 103 шара енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бекітілген аймақтық жоспарларында — 700-ге жуық шара қарастырылған.

Өз баяндамасында Ақтоты Райымқұлова 2014 жылғы жұмыс қорытындыларына тоқталған болатын. Өткен жыл жалпы мәдениет саласы үшін жемісті болған еді - бұл жылы шет елдерде Қазақстан мәдениет күндері өткізіліп, республикалық театрлар мен шығармашылық топтар Франция, Ресей, АҚШ, Канада, Бельгия, Нидерланды, Қырғызстан және Корея мемлекеттерінде өнер көрсетті. Одан басқа, ұлттық электрондық кітапхана қорлары 3 мың басылымның электрондық көшірмелерімен толықтырылып, ал көрнекті өнер қайраткерлеріміз беделді харықаралық байқаулардағы жеңістерімен қуантқан болатын.

по материалам: mk.gov.kz