Астанада «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» І Республикалық имамдар форумы өтті

19.02.2015 09:14 1572
 

 

19 ақпан, 2015. Астана. Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен І Республикалық имамдар форумы өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен Форумға еліміздің түпкір-түпкірінен келген 500-ге жуық имамдары, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, танымал дін ғалымдары жиналды. Сонымен қатар форумның қонақтары ретінде ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бірнеше шет мемлекеттердің исламдық діни ұйымдарының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Православ шіркеуі, Рим-Католиктік шіркеуі өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың имамдар форумына қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді.

Елбасы өзінің жолдаған құттықтау хатында «форум отандық мүфтият қызметіне тың серпіліс беріп, дін саласындағы түйткілді мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттыруға себін тигізеді деген сенімін» білдіріп, имамдарды діни тұрақтылықты нығайту, өскелең ұрпақты дін атын жамылған теріс ағымдар ықпалынан сақтау жолында табанды жұмыс жүргізуге шақырды. 

Бас мүфти Ержан Малғажыұлы өз баяндамасында Діни басқарманың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары мен игі бастамаларын атап өтіп, ислам бейбітшілік пен татулықтың діні екенін, халқымыздың рухани өнегелік құндылықтарын бекемдей түсетінін форумға қатысушылардың назарына салды.

Форум қорытындысы бойынша басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес жан-жақты білімді болуға, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға бөлінуіне жол бермеу, өзге діндер өкілдерімен бейбіт, ынтымақта тіршілік етіп, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені одан әрі нығайтуға үлес қосу болып табылатын «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттар бірауыздан қабылданды.

по материалам: mk.gov.kz