Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылады

23.02.2015 09:40 1380

 

 

«Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі

 

2015 жылдың 27 ақпанында сағат Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында  «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылады.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қарағанды облыстық әкімшілігінің көмегімен ҚР Ұлттық музейі мен Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи өлкетану музейлері ұйымдастыруда.

ҚР Ұлттық музейі «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі  арқылы  Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан  «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» атты жобаны ашады. Жоба  аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи өлкетану  музейлерінің мол қорларынан  жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік береді.

Көрмеге  б.з.д. VII-VI ғасырлармен межеленген Талды-2 қорымында (Қ. Аманжолов атындағы ауыл) жерленген сақ жауынгерінің салтанатты киімінің реконструкциясы, тас балбалдардың, ғұрыптық құрылымдардың, қалашықтардың  фотосуреттері қойылған. Жалпы 617 экспонат.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қызықты әрі танымдық экспозция қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихын ашады. Мұнда Қасым ханның, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің портреттері, ортағасырлық Шотқара және Басқамыр қалашықтарының, XII-XV ғасырлардағы «Хан ордасы» ескерткіші, Алаша ханның, Болған ананың суреттері және т.б. көрсетіледі.

Қарағанды облысының шығыс бөлігіндегі Қарқаралы тауының етегінде орналасқан, 1848 жылы пайда болған далалық өлкенің сауда орталығы атақты Қоянды жәрмеңкесі туралы бөлімге сол заманның тұрмыстық заттары ұсынылған. Бұлар - сүлгілер, майшайқағыш, қырыққабат кескіш, шөген, шойын үтік, самауыр, жүн мен зығыр түткіштер, мыс шәйнектер, құмғандар және т.б. Сәндік-қолданбалы өнер топтамасында зергерлік бұйымдар және құйма, шекіме және бедерлі әдістер қолданылып, қапталған метал пластиналармен әшекейленген ат әбзелдері ұсынылған.

 

по материалам: mk.gov.kz